Қазақстанның екі өңірінде қылмыстық топтың 11 мүшесі қолға түсті
Жарияланған күні:
Қазақстанның қауіпсіздік қызметкерлері Қостанай облысында марихуананың көтерме партияларын жеткізумен және өткізумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты жою бойынша ауқымды операция жүргізді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың 11 мүшесін ұстау екі өңірде – Қостанай және Жамбыл облыстарында жүргізілді.
Күдіктілер Жамбыл облысының Шу ауданында кептірілген қарасора мен гашишті көтерме партиялармен сатып алып, оны елдің солтүстік аймақтарына әкеліп сатқан. Қылмыстық топтың әр мүшесінің өзіндік міндеттері болған.
Олардың бірқатары жеткізушілерді іздестірсе, басқалары сақтау мен сатуды, сондай-ақ есірткі тасымалдауды ұйымдастырып отырған. Топтың ұйымдастырушысы және көшбасшысы – Қостанай облысының 35 жастағы тұрғыны.
Полиция қызметкерлері барлық белгіленген мекенжай бойынша жүргізілген операция барысында көп мөлшерде есірткі заттарын, қару-жарақ пен ақшаны тәркіледі.
Қылмыскерлердің бірін тінту кезінде жатын бөлмеден 20 грамм мефедрон, “УАЗ-Патриот” автомобилінен 20 грамм гашиш алынды. Үй аумағындағы қоқыс контейнерінен 30 келі марихуана салынған қап анықталды. Оған жақын жердегі пластикалық бөшкеде 30 келі марихуана салынған тағы бір қап табылды.
Қылмыстық топтың екінші мүшесінің балконынан марихуана салынған сегіз пакет тәркіленді. Сондай-ақ, 20 келі марихуана салынған сөмке, электронды таразылар, өлшеуіш стақандар, төрт ұялы телефон, төлем карталары, пневматикалық тапанша табылды. Оның автокөлігінің артқы орындығынан және жүксалғышынан 100 келіден астам марихуана оралған тағы бес полиэтилен сөмке мен 47 пакет анықталды.
Тағы бір ұсталған азаматтың ауласындағы шаруашылық құрылысынан 30 келі марихуана салынған қап тәркіленді.
Қылмыстық топ құрамындағы жалғыз әйелден марихуана салынған бес пакет, электрондық таразы, тіркелмеген “ИЖ-17” аңшылық мылтығы алынды.
Барлығы 200 келіден астам марихуана, 20 грамм мефедрон, 20 грамм гашиш, қылмыстық әрекетте пайдаланылатын алты автомобиль, пневматикалық мылтық пен тапанша, үш аңшылық мылтық, патрон, 24 ұялы телефон, 18 төлем банк картасы және есірткі сатып алуға арналған миллион теңгеге жуық ақша тәркіленді.
Сонымен қатар, полицейлік әзірлеме барысында ағымдағы жылдың 21 қазанынан бастап кісі өлтірді деген күдікпен іздестіріліп жатқан Рудный қаласының 36 жастағы тұрғыны анықталып, қолға түсті. Ұсталған азамат кінәсін мойындады.
Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау не өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940828-qazaqstannyn-eki-onirinde-qylmystyq-toptyn-birden-11-musesi-qolga-tusti/