Мамин "Орталық Азия – ЕО" іскерлік кеңесін құруды ұсынды
Жарияланған күні:
Бүгін Бішкек қаласында премьер-министр Асқар Мамин "ЕО – Орталық Азия" бірінші экономикалық форумына қатысты, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы өз сөзінде Еуропалық одақ Орталық Азия аймағының маңызды және неғұрлым тұрақты экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Тек соңғы 10 жылдың ішінде ЕО-ға мүше мемлекеттер Орталық Азия елдеріне 105 млрд еуродан астам инвестиция салды, бұл аймаққа келіп түскен тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 40%-нан асады. ЕО үлесіне Орталық Азия сыртқы саудасының жалпы көлемінің 30%-дан астамы тиесілі.
Қазақстан премьер-министрі елдердің дағдарысқа қарсыдан пандемиядан кейінгі даму күн тәртібіне көшуін ескере отырып, "ЕО – Орталық Азия" форматында бірлескен жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.
Үкімет басшысы ЕО мен Орталық Азия елдерінің өндірістік активтерін интеграциялаудың және жаңа өндірістік-өткізу тізбектерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Премьер-министр Орталық Азия мен Еуропалық одақты байланыстыратын инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттырудың, сондай-ақ "жаңа буынның" көлік тізбегін құрудың маңыздылығын атап өтті. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, Орталық Азияның көлік әлеуетін іске асыру өңірдің ЖІӨ 15%-дан астам қосуы мүмкін.
Жаңа көлік бағыттарына сұраныстың артуы 2021 жылдың 9 айында Қазақстан аумағы арқылы тек «Қытай – ЕО» бағыты бойынша транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемінің 38%-ға артып, 500 мың ЖФЭ жуық жеткендігімен дәлелденеді. Осы тұрғыда А. Мамин Қазақстанның ЕО Трансеуропалық көлік желісі (TEN-T) жобасы шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдетуді қолдайтынын атап өтті.
Үкімет басшысы Орталық Азияға еуропалық инвестицияларды тарту және құрылымдау үшін қазіргі уақытта ЕО-дан 70-ке жуық компания қолайлы салықтық, визалық және еңбек режимінде жұмыс істейтін "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңын ұсынды.
Орталық Азия республикалары мен Еуропалық одақ елдерінің орнықты даму модельдеріне көшуін қамтамасыз ету мақсатында премьер-министр Орталық Азия өңірлері мен ЕО үшін "Жасыл экономика тұжырымдамасын" бірлесіп әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. А.
Мамин Қазақстанның Еуропалық жасыл курстың (European Green Deal) мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде ЕО серіктесі болуға, Еуропалық шикізат және аккумулятор альянстарымен, Экологиялық бастамалар жөніндегі еуропалық инвестициялық банкпен ынтымақтасуға дайын екенін білдірді.
Премьер-министр "Орталық Азия – ЕО" іскерлік кеңесін құру бастамасын көтерді, оған екі өңірдің экономикалық блоктарының министрлері, бизнес басшылары, сондай-ақ қаржы институттарының, сауда және өнеркәсіп палаталарының өкілдері қатысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940851-mamin-ortalyq-aziya-eo-iskerlik-kenesin-qurudy-usyndy/