Америкалық мектепте тегін оқып жүрген қазақ қызы ол жақтағы мұғалімдердің несімен ерекшеленетінін ашып айтты
Жарияланған күні:
Америкалық мектепте оқитын қазақ қызы сол елде білім алудың ерекшеліктеріне тоқталды. Айдана Август америкалық мектепте тегін бір жыл білім алу мүмкіндігіне ие болған деп жазады adyrna.kz порталы.
Айдана Август – 11-сынып оқушысы, биылғы оқу жылын ол АҚШ-тың Айдахо штатында жалғастырып жатыр. Оқушы халықаралық бағдарламаның байқауына қатысып, финалист атанып, АҚШ-қа жолдама алған.
"Бір танысым 2019 жылы халықаралық бағдарламаның финалисі атанған еді. Шыны керек, әлеуметтік желіден оның америкалық өмірін көріп, қатты қызықтым. Толықтай АҚШ үкіметі қаржыландыратын The Future Leaders Exchange Program бағдарламасы арқылы кез келген қазақстандық Америкада тегін оқып, шәкіртақы ала алады. Конкурстық іріктеу үш кезеңнен тұрады. Биыл ол коронавирустық пандемияға байланысты қашықтан өткізілді. І кезеңде 3 тақырып бойынша эссе жаздық.
Тапсырманы орындау үшін әр қатысушыға бірнеше күн уақыт берілді. ІІ кезең ағылшын тілі деңгейін анықтауға арналған. Ал соңғы кезеңде сауалнаманы толтырып, қазылар алқасымен сұқбат құрдық. Камера қатысушыларды қатаң бақылауға алғандықтан, көшіруге ешқандай мүмкіндік болмады. Былайша айтқанда, барлығы әділетті болды", - дейді Айдана.
Оның сөзінше, емтиханнан сәтті өту үшін қатысушы аз да болса ойын ағылшынша жеткізе алуы тиіс. Құжат тапсыру кезінде оның ағылшын тілін білу деңгейі орташа көрсеткіштен жоғары (upper-intermediate) болған.
Оқушы қыз Америкадағы өмірі жайлы айтып берді. Қазір Айдана Айдахо штатындағы Туин Фоллс қаласында тұрады.
"Халқы шамамен 50 000 адамды құрайды. Нұр-Сұлтан сияқты үлкен қаладан келгендіктен бе, бастапқы күндері айналама таңырқай қарадым. Қазақстандағыдай биік ғимараттар жоқ, көшелері тар. Мен тұрып жатқан қалада үлкен сарқырамалар бар. Жалпы шаһар өте әдемі.
Мені америкалықтардың аяқ киімдерін шешпей, үйде жүре беретіндері қатты таңғалдырды. Сондай-ақ шетелдіктердің өте сыпайы екенін байқадым. Үнемі түрлі мақтау сөздерді жаудырып отырады және "sorry" сөзін жиі қолданады. Америкада кез келген нәрсені оңай табуға болады.
Менің хост отбасым – планетадағы ең жақсы жандар. Бұл жағынан жолым болды. Олар маған туғандарындай қарап, әрқашан қолдап отырады. Күн сайын жаңа жерлерді көрсетуге тырысатындарын ерекше бағалаймын", - дейді Айдана Август.
Айдана АҚШ-тың білім беру жүйесінен қандай айырмашылықтарды байқағанын айта кетті.
"Екі елдің білім беру жүйесі бір-біріне ұқсамайды. Қазіргі таңда чартерлік мектепте білім алып жатырмын. Ол – үкіметтен қаржыландыру алатын, бірақ белгіленген мемлекеттік мектеп жүйесінен тәуелсіз жұмыс істейтін мекеме. Бұндай білім ордасында оқу қарапайым мектептерге қарағанда қиынырақ. Енді негізгі айырмашылықтарға тоқталайық.
Америкалық оқушылар өздерін қызықтыратын пәндерді таңдап, оларды жеке оқу жоспарына енгізе алады. Алайда ағылшын әдебиеті мен тарихын оқу бәріне міндеттелген. Оқу бағдарламасы төрт тоқсанға емес, екі семестрге бөлінеді. Әр адам әртүрлі пәндерді таңдайтындығына байланысты жалпы сыныптар жоқ. Мысалы, мен дене шынықтыру пәнін 7-12 сынып оқушыларымен бірге өте беремін. Сабақ 8:00-де басталып, 15:00-де аяқталады", - деп атап өтті ол.
Оның сөзінше, Америкада мұғалімдер студенттің менталды (психикалық) саулығына қатты алаңдайды.
"Біреу жалғыз отырса, көңілсіз болса немесе кенеттен біреуді ренжітсе, сол білімгермен тілдесіп, сұқбат құрады. Менің мектебімде арнайы мектеп формасы жоқ, алайда қысқа киінуге тыйым салынған", - дейді Айдана Август.
Әңгімелескен Диана АСАН
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940868-amerikalyq-mektepte-tegin-oqyp-zurgen-qazaq-qyzy-ol-zaqtagy-mugalimderdin-nesimen-erekselenetinin-asyp-aitty/