Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте шағын ота жасатқан 24 жастағы қыздың жағдайы күрт нашарлап кетті

Жарияланған күні:

Әсел Қоқанова
Әсел Қоқанова. Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Шымкентте шағын ота жасату үшін пышаққа түскен бойжеткен 8 айдан бері ауруханада жатыр. 24 жастағы Әсел Қоқанова өкпесінен өскін шығып, соны алдырту үшін қалалық клиникалық ауруханаға барған. Хирург 20 минутта бітеді деген ота төрт сағатқа созылып, содан бері қыздың хәлі нашар, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Әселдің өкпесінде өскін бар деп учаскелік емхана сәуір айында оны 1-ші ауруханаға жөнелткен. Кеуде хирургы ары кетсе 20 минут кетеді деп дереу ота жасапты. Бірақ, 20 минут дегені 4 сағаттан асып, содан бері Әселдің хәлі нашарлап кеткен.

Ауруханаға күнде келіп, жарақатын байлатып жүргенде туберкулез таяқшасы түсіп, соңғы 5 айдан бері тубдиспансерде жатқан қыз енді анасына жылап хабарлама жібереді. Қыздың көз жасына шыдай алмаған туыстары ауруханаға келді.

"Сол өскінге диагнозды дұрыс қоймаған. Диагнозды қоймағандықтан, өзінің жұмысына салғырт қарағандықтан менің қызым 8 айдан бері жазылмай, 8 айдан бері ірің ағып жатыр", - деді анасы Әсел Қадырова.

Осы уақыт аралығында 30 келі салмақ тастаған Әселдің құр сүлдері ғана қалған. Ота кезінде пышақ тиген тұсы қарыс сүйем болып бітпей қалыпты. Дәрігердің салғырттығынан қызым жарымжан болды деген анасы Шымкентте ем табылмаса басқа ауруханаға жіберіңдер деп шырылдап жүр.

"Ешкімнен көмек жоқ. Облыстық департаментке де жаздым, денсаулық сақтау министрлігіне де хабарластым. Портал туралап жатырмыз, порталмен қалай апарсаң солай апар дейді. Менің қызым жүруге жарамайды. Олар әшейін қағаз жүзінде жүруге жаратып қойған. Қызым дәретханаға әрең барып келеді", - деді анасы.

Аурухана басшылығы болса ота жасаған хирургтың қатесін мойындаған. Тіпті, тексеріс болып, қатаң сөгіс жарияланғанын айтады. Ақ халаттылар науқасқа барынша көмек көретілетінін хабарлады.

"Келесі аптада науқастың туыстары келісім беретін болса біз қайтадан сол жаққа шығып, келесі аптада сол жаққа емделуге жіберуге әрекет жасаймыз. Қажет болса шығындарын көтереміз", - деді Шымкент қалалық №1клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұржан Естемісов.

Дәрігерлердің сөзінше, науқас келесі аптадан қалмай Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласындағы емдеу орталығына жіберіледі. Ал, квотаны бөлдіріп, барлық шығынды көтерем деген ота жасаған хирургтің өзі екен.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940873-symkentte-sagyn-ota-zasatqan-24-zastagy-qyzdyn-zagdaiy-kurt-nasarlap-ketti/