"Үй дәріхана болып кетті": Су мен газсыз қалған Алматы іргесіндегі саяжай тұрғындары наразылық білдірді
Жарияланған күні:
Алматы облысына қарасты Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғындары сусыз, жолсыз, жылусыз өмір сүріп отырғандарын айтып шағымданды. Бірнеше жеке саяжай халқының тіршілік нәрінсіз отырғанына бір жарым айдың жүзі болған. Ал жергілікті шенеуніктер көгілдір отынның мәселесі жыл басында шешіледі деп сендірген, деп хабарлайды Almaty.tv
Телеарнаның мәліметінше, көпбалалы ана Тоғжан Шәкен суды сатып алып ішуге мәжбүр. Сусыз, сарқылып отырғанына екі айға жуықтаған. Үйде жылу да жоқ. Сондықтан балалары аядай бөлмені саялауына тура келеді. Газды қомақты қаржы беріп қостырғаннан не қайыр, ешқандай рахатын көріп отырғанымыз жоқ деп кейіді ол.
"Екі күн болды газ өшіп тұр. Бір бөлмеде балаларым жылытқышпен отыр. Төртеуі де жөтеліп отыр. Укол алып отырмыз. Үйдің іші дәріхана болып кетті, дәріден дәрі ішіп жатырмыз. Тамақ жасасам, жылытқышты өшіру керек, жылытқышты қоссаң тамақ жасай алмайсың. Ол жылда осы!", – деді Тоғжан Шәкен.
Ауыл халқын жайсыз тұрмыс қатты қажытқан. Коммуналдық игілік атаулыдан жұрдаймыз дейді ашынған ел.
"Бізде су жоқ. Жарық мәселесі де бар. Себебі бәленбай үйге бір-ақ трансформатор қойылған. 1 кВТ үшін 29 теңге төлейсіз! Сұмдық! Интернет те жоқ. Жарық жоқ болса, газ жоқ. Жарық болмаса, су жоқ! Сондай мәселелер бар. Автобус туралы аузымызды ашпаймыз", – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрсынгүл Әбдрахманова.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары шұрық тесік жолдармен жүріп әбден жауыр болған. Суды тасып ішудің өзі мұңға айналды дейді.
Түсірілім тобы округтегі кооперативтердің бірінің әкімшілігіне барып жауап алуға тырысқан. Алайда жауаптылар орнынан табылмапты. Ал ауыл округі әкімдігі халықтың бұл жағдайынан хабардар. Жауаптылар мәселе жуық арада шешіледі деп ел алдында ақталды.
"Қазіргі кезде үлкен ГРЭС салынып жатыр. Ол 10 желтоқсанда іске қосылады. Біртіндеп бәрі реттеліп, қалпына келеді", – деді Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенже Бурхина.
Әкімдіктегілер саяжай кооперативтерінің ішкі мәселелеріне араласу құзыретімізге кірмейді дегенді алға тартты. Ал саяжайдан ауылға өту қашан жүзеге асары әзірге белгісіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940886-ui-darixana-bolyp-ketti-su-men-gazsyz-qalgan-almaty-irgesindegi-sayazai-turgyndary-narazylyq-bildirdi/