Сарапшылар: Келесі жылы нан екі есе қымбаттайды
Жарияланған күні:
Атырауда нан қымбаттады. Оның бағасы бір күнде 100 теңгеден 115-ке бір-ақ өскен. Ал Қарағанды облысында бір бөлке нан 120 теңгеден сатылып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бағаның бұлай шарықтауына ұнның күрт қымбаттауы себеп, деп хабарлайды КТК.
Тіпті, алдағы уақытта нан бағасы екі есе қымбаттайды деген болжам бар. Ал қарапайым халық күнде құбылатын баға қалтамызға салмақ салады деп ашулы.
Мәселен, Наталья Маханова 20 жылдан бері нан сатумен айналысады. Орталық базардың бір бұрышын жалға алатын сатушы жақын күндері кәсібін тоқтатпақшы. Өйткені, нанның бағасы өскен сайын көретін пайдамыз да мардымсыз болып барады дейді.
"Бізге де ыңғайсыз. Үлкен кісілер алмай кетеді. Міне, бағасын жазып қойдық. Олар өзіміз көтердік деп ойлайды. Бірақ үлкен кісілерге өте қиын. Сауда мүлдем жоқ! Тіпті 50 нан сата алмаймыз. Біз тек наннан 5 теңге пайда көреміз. 50 нан сатсақ, 250 теңге пайда. Ол не болады?! Таңертеңнен кешке дейін тұрамыз", - дейді Наталья Маханова.
Атырауда нанның көтерме саудадағы бағасы 105, бөлшек саудада 115 теңгеге жетті.
"Кеңес үкіметі кезінде нанды қымбат қылмайтын. Нан - ең бірінші қажеттілік! Тек нанмен өмір сүріп жатқан адамдар бар. Мынау масқара ғой?! Еліміз деген бай. Байлықтың бәрі бар – мұнай, газ. Сонда нан неге қымбат?! Халық қалай күн көреді? Жалақы өспейді, зейнетақы өспейді",- дейді Атырау қаласының тұрғыны Тұрар Сұлтанғалиева.
Ал жергілікті әкімдік нанның тек шекті бағасын ұстап тұра аламыз деп отыр. Сондықтан қазіргі баға белгілі межеден асқан жоқ дейді олар.
"Нан бағасының өзіндік құнының артуына байланысты енді көтеруге мәжбүр болып отыр. Бірақ біздің шекті бағадан асып отырған жоқ. Бір келісі көтерме саудада 193 теңге. Бөлшек саудадағы баға 180 теңге",- дейді Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.
Ауыл шаруашылығы басқармасы жақын күндері азық-түлік корпорациясы арқылы қосымша 1000 тонна бидай келеді дейді Ал келесі жылға министрлікке сұраныс жіберіп, 25 мың тонна бидай қажеттігін қаперлеріне салған. Алайда қарапайым халық та, наубайхана қожайындары да енді нан бағасы тұрақталады немесе төмендейді дегенге сенбейді.
Қарағанды облысында да жалпы азық түлік, оның ішінде нан бағасының күрт өсуі соңғы жарты жылдан бері байқалады. Жазда бөлке нан 80 теңгеден сатылған. Қазір оның бір бөлкесі үшін дүкендер 110-120 теңге сұрайды. Олардың айтуынша, наубайханалар белгілейтін баға көтерілген. Ал қарапайым тұрғындар бағаның күн сайын құбылуы қалтаға айтарлықтай салмақ салады дейді.
"Шынымды айтсам, бағалардың өсуі қатты әсер етіп жатыр. Ал дүкендерге кірсең, қатты ренжисің. Өйткені, кей жерлерде отандық өнімнің бағасы шетелдің тауарлардан қымбат екенін көресің. Сонда бұл үкіметтің өз халқына жасаған қастандығы ма? Менің көпбалалы айлық табыстары 80 мың теңгеден аспайтын таныстарым бар. Олар қалай жан бағып отырғанын елестету қиын",- дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Нина Силина.
Ал сарапшылар келесі жылы нан екі есе қымбаттайды деп болжам жасап отыр. Тіпті, "Азық-түлік корпорациясы" арқылы берілген қосымша бидайдың да жетпей қалатынын алға тартады.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941397-sarapsylar-kelesi-zyly-nan-eki-ese-qymbattaidy/