Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина қай жерде және қашан салынады: Цой жауап берді
Жарияланған күні:
Денаулық сақтау министрі Алексей Цой үкімет отырысында жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы вакцина қашан және қайда салынатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алексей Цойдың хабарлауынша, балаларды, жүкті және бала емізетін әйелдерді коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациямен қамтамасыз ету мақсатында 4 млн 230 мың доза вакцина сатып алынған. Бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, Pfizer вакцинасын сақтау ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанның 16 облысына 34 тоңазытқыш құрылғы сатып алынған.
Сонымен қатар, қосымша 51 тоңазытқышты қараша айының соңына дейін барлық өңірге жеткізу жоспарлануда.
"Вакцина 12 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға, жүктіліктің 16-37 аптасындағы әйелдерге және босанғанына 42 күн өткен бала емізетін әйелдерге салынады. Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 379 мың доза көлеміндегі бірінші партиясын 15 қарашаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Жалпы, балаларға вакцина білім беру ұйымдарындағы екпе егу пункттерінде, коронавирусқа қарсы вакцина салу республиканың білім беру ұйымдарында және егу пункттерiнде де жүргiзiледi", - деді министр.
Осыған байланысты министр облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдерінен ақпарат және қоғамдық даму, білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктерімен бірге коронавирусқа қарсы вакцинациялау мәселесі бойынша жасөспірімдердің, кәмелетке толмағандардың ата-анасын немесе өзге де заңды өкілдерін, педагогтерді ақпараттандыруды сұрады.
Одан бөлек, Алексей Цой облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері санитарлық нормаларға сәйкес екпе пункттерін дайындауы, вакцинаның бірінші топтамасы жеткізілгенге дейін тоңазытқыштарды орнатуы, вакцинаны тасымалдау, сақтау және қолдану ережесін сақтауы, медицина қызметкерлерін дайындауы тиіс екенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941420-balalarga-koronavirusqa-qarsy-vakcina-qai-zerde-salynady-coi-zauap-berdi/