Алаяқтарға оңбай алданып қалған алматылық журналист жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Банктың атын жамылған алаяқтарға қазақстандықтар жаппай алданып жатыр. Солардың бірі - алматылық журналист Әсем Лесбек, деп хабарлайды КТК арнасы.
Әсем Лесбектің атынан алаяқтар қашықтан отырып несие алған.
Банк қызметкерімін деп таныстырған келіншек журналиске қоңырау шалып, алаяқтың өз атына несие рәсімдеп жатқанын айтқан. Сөйтіп ұзақ сөйлесу арқылы ұялы телефонына белгісіз қосымшаны қосып, сол сәтте екі банктен 2 миллион теңгені жымқырып үлгерген.
"Ол алаяқтың өзі сіздің О—іңіз мынадай ғой, сіз тұрақты айлықты мынадай компаниядан аласыз дегендей. Яғни мен туралы барлық жеке ақпаратты алаяқ өз аузымен айтып берді. Айтып бергеннен кейін әрине, көз алдында тұр ғой деп сеніп қалдым. Бағдарламаға кірдім. Төбеге қарай бір рет көтергенімде шотымда несие рәсімделіп тұрды – 1 млн 267 мың, теңгемен", - дейді журналист.
Әсем Лесбектегі несие бұл ғана емес. Сол аралықта алаяқтар екінші деңгейдегі тағы бір банктен 500 мың теңгеден аса қаржы алып үлгерген. Енді сан соғып қалған журналист қарызды шамамен төрт жылдай төлеуі тиіс.
Ал қос банкке мәселенің мән-жайын білмек боп барғанында, ондағы менеджерлер мардымды жауап бере алмаған. Тек оның атына несие рәсімделгенін растап, төлем жасау кестесін қолына ұстатқан. Алайда Әсем Лесбек бұл істі аяғына дейін жеткіземін деп отыр. Тіпті полицияға да шағымданған.
"Жәбірленуші полицияға 6 қарашада хабарласқан. Алатау аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 190-бабында көзделген нормалар бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазір іздестіру шарасы жүргізілуде", - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Құзырлы органның мәліметінше, жыл басынан бері 400-ге жуық азаматтың атына заңсыз несие рәсімделген.
Банк қызметкерлері болса бұл іске өздерінің қатысы жоқ екенін, менеджерлер ешқашан халыққа хабарласып жеке мәлімет сұрамайтынын айтады.
"Банк қызметкері қоңырау шалатын болса, картаның жеке деректемелерін, ЖСН нөмірін, оның толық аты-жөнін, картаның жарамдылық мерзімі, не болмаса картаның артқы жағындағы құпия кодтарды немесе смс арқылы жолданған кодтарды банктің нақты қызметкері ешқашан сұрамайды.
Егер дәл осы ақпараттарды сұрайтын болса, онда автоматты түрде алаяқпен сөйлесіп отырғаныңызды білуге болады", - дейді Halyk Bank баспасөз қызметінің қызметкері Досбол Арыстанбеков.
Осы орайда, банк қызметкерлері алаяқтарға алданып қалмас үшін ешкімге жеке ақпаратты бермеуіңізді сұрайды. Күмән тудырар белгісіз адам хабарласқан жағдайда мобильді қосымшаға кіріп, картаңызды, яғни шотыңызды бұғаттап тастау керегін ескертеді.
Сондай-ақ, СМС арқылы келген сайттардың сілтемелерін баспаған абзал.
Дерекккөз КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941610-alayaqtarga-onbai-aldanyp-qalgan-almatylyq-zurnalist-zanaiqaiyn-zetkizdi/