Ақтөбе іргесіндегі батпаққа батып отырған ауыл тұрғындары жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбенің іргесіндегі Маржанбұлақ ауылында жол жоқ. Халық суды тасып ішеді. Интернет желісі мен электр сымдары тартылмаған. Халық жергілікті әкімдіктегілердің құр уәдесінен шаршаған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Ақтөбе қаласынан 24 шақырым жердегі Маржанбұлақ ауылы Алға ауданына қарайды. Аудан орталығына қарағанда облыс орталығы әлдеқайда жақын. Қалаға тиіп тұрған ауылдың мәселесі шаш етектен, дейді басылым тілшісі.
Осыдан 6-7 жыл бұрын жер телімі беріліп, тұрғындар қоныстана бастаған. Қазір 4 мыңға жуық халық тұрады. Ауылдың батыс бөлігінде 900 жер учаскесі болса, соның 200-ден астамына үй салынған. Негізгі қиындықты осы маңдағы халық көріп отыр.
Басылым тілшісінің сөзінше, тұрғындардың басым бөлігі қысы-жазы суды екі шақырым жердегі бұлақтан тасып ішеді. Несие алып, ауласынан ұңғы қазып алғандар екі-үш үйді сумен қамтып отыр. Биыл әкімдік арнайы көлікпен суды тасып беруді қолға алған. Алайда тұрғындар оны тек техникалық мақсатқа ғана қолдана алатынын жеткізді. Ішуге жарамсыз екен. Электр бағаналары тартылмаған. Интернет желісі тағы жоқ. Ең өзекті мәселе - жол. Жаңбыр жауса, саз балшық аяққа жабысып жүргізбейді. Көліктер батпаққа батып қалады.
Көп балалы ана Римма Бещанова 2016 жылы жер алып, 2019 жылы үй салып, көшіп келген. Содан мәселені айтып, бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын тілге тиек етті. Бірақ әкімдік қызметкерлері "қарастырамыз" деген құр уәдемен шығарып салатын көрінеді.
"Әкімдіктегілердің уәдесіне тойып болдық. Тұрғындар жиналып облыс әкімдігіне дейін бардық. Бірақ шешілген мәселе жоқ. Менің бес балам бар. Көршілерімде 3-4 баладан өсіп келеді. Яғни бұл ауылда тұратындардың көбі — көпбалалы аналар. Халық қолда бар ақшасын жаратып, алған жеріне шамасы келгенше үй тұрғызды. Бірақ ешқандай жағдай жоқ. Өткен жылы қыста балам ауырып қалғанда жедел жәрдем көлігі үйге әрең келді. Өйткені жол жоқ. Әсіресе көктем мен күзде батпақты кешіп жүреміз. Саз балшық иленіп, көлікті жүргізбейді. Балаларды мектепке қиындықпен апарамыз. Әбден шаршадық," - дейді Римма Бещанова.
Көпбалалы ана ауыл әкіміне жаңбыр жауса жолдың қалай болатынын көрсетпек болғанда, әкімдіктегілердің қымбат көлігін "аяп" қалғанын айтады.
Сонымен қатар онлайн сабақ кезінде интернет желісінің жоқтығынан қиындық көрген. Ғаламтор қондырамыз деп орнатылған мұнараның тұрғанына да 3-4 ай болыпты.
Ауыл тұрғыны Әбдрашит Ерубаев та Римманың сөзін растап отыр.
"2016 жылы жер алып, шағын үй салдым. Содан бері қиындық көріп келеміз. Көшеде жарық, су, жол жоқ. Биыл көктемде көршілер болып WhatsApp желісінде топ аштық. Жиналып, облыс әкімдігіне дейін бардық. Сөздің шыны керек, айта-айта әбден шаршадық", - дейді ол.
Әбдірашит Ерубаев ауыз суды бұлақтан тасып ішіп отыр. Қыста шанамен, жазда арбамен әкеледі.
Соңғы екі күнде жауған жаңбырдан ауылдың іші иленіп жатыр. Оның үстіне қар жауып, тіпті жүргізбей тастаған. Көліктер жол бойында тоқтап тұр, дейді басылым тілшісі. Қарыс қадам жүрудің өзі мұң. Коммуникациялық желінің жоқтығынан зәрезап болған тұрғындар, әкімдіктегілер бір шара қолдануын сұрайды.
Аталған мәселе бойынша ауыл әкімі Миржан Еламан пікір білдірді.
"Ауыз су бойынша жобалық-сметалық құжат жасалып жатыр. Сараптамаға кірді. Жылдың соңында қорытындысы шығады. Келер жылы аудандық немесе облыстық бюджеттен қаржы сұраймыз. Осыдан кейін ғана су мәселесі шешіледі. Биыл аудан әкімдігінің тапсырмасы бойынша, арнайы көлікпен тұрғын үйлерге су жеткізіліп жатыр," — деді ауыл әкімі.
Елді мекен басшысының сөзінше, су құбырын тартып алмай, жол салынбайды.
"Бірінші суды жеткізер болсақ, ертеңгі күні тағы екі жұмыс болады. Жолдың мәселесін айтқан тұрғындардың жағдайын түсінеміз, барлығы орынды. Бірақ бұл мәселе биыл шешілмейді", - дейді Миржан Еламан.
Ауыл басшысы биыл орталықтағы бір көшенің жобалық-сметалық құжаты жасалғанын алға тартты. Бас жоспар бойынша Маржанбұлақта 70 көше бар. Соның былтыр төртеуіне асфальт төселген.
"Қалай болғанда да тұрғындарға жағдайды жасап беруге тырысып жатырмыз. Қыста қарды аршып, жазда тегістеп қоямыз. Бұл аймақ бұрын егіннің орны болғандықтан топырағы сазды. Әсіресе ойыста тұрған үйлерге қиын. Сондықтан биыл көктемде суға кетпес үшін отыз үйдің аумағынан суағар салдық," - деді әкім.
Әкімнің сөзінен түсінгеніміз, бұл аумақтағы жол мәселесі алдағы бес жылдың ішінде шешіліп қалмақ, дейді басылым тілшісі.
Ал интернет желісі жылдың соңына дейін қосылады екен. Тамыз айында 25 метрлік мұнара орнатылған, яғни бір оператордың байланыс жүйесі іске қосылады.
Электр жарығы бойынша жобалық-сметалық құжат жасалып, мердігер мекеме анықталған. Қазір тиісті жұмыстар басталып кетіпті. 13 бағана орнатылған.
Жұмыстың біту мерзімі — алты жарым ай. Мердігер мекеме өкілі халықпен кездесіп, жарықты жеделдетуге тырысатынын айтыпты.
Автор: Кәмшат Қопаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941758-aqtobe-irgesindegi-batpaqqa-batyp-otyrgan-auyl-turgyndary-zanaiqaiyn-aitty/