Түркістан облысында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ұсталды
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығы министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу аясында Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерін ұстады деп хабарлайды агенттіктің Telegram-дағы ресми арнасы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің пайымдауынша, олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы ірі-қара мал мен ұсақ малды жедел және кедергісіз өткізгені үшін кеден бекеттерінде кәсіпкерлік субъектілерінен жүйелі түрде пара алған.
Қазіргі уақытта бірқатар лауазымды тұлға ұсталып, Шымкент қаласы бойынша ІІД УҰИ-ға қамауға алынды.
"Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", – деп хабарлайды ведомствода.
Бұған дейін cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қаражатты бөлу және пайдалану процестерін тексеруге кіріскен болатын.
Еске сала кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасаған еді. Министрлік президенттің тапсырмасы бойынша субсидиялау үдерістерін жетілдіріп жатқаны хабарланды. Олар cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге проблемаларды анықтайтын жұмыс тобын құрған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941885-turkistan-oblysynda-memlekettik-kirister-departamentinin-qyzmetkerleri-ustaldy/