Ақтөбелік келіншек жерлестерін көлігімен тегін тасып, ел батасын алып жүр (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбеліктер "көк көліктегі қыз" деп атап кеткен Альбина Бисенованың жерлестерін тегін тасып жүргеніне алты жыл. Осыған дейін мұнай компаниясында жұмыс істеген ол мекеме мен үйінің арасындағы аялдамада тұрған жолаушыларды мінгізіп алуды әдетке айналдырғанын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Аялдамаға келіп жолымды түсіндіріп, сол бағытқа баратындар болса, ақысыз мінуге болатынын айтамын. Күнде бір адам мінбесе, бірдеңе жетпей тұрғандай көрінеді. Сапарластарымды есімде сақтай бермеймін. Бірақ олар менің жұмысқа шығатын уақытымды күтіп тұратын кездер болады.
Бұрын жұмысқа барып жүргенде күнде кем дегенде 15-20 адам таситын едім. Жұмысқа барамын, түске келемін, кешке қайтқанда әрдайым машинада адам толып отырады. Тұрақты күтіп тұратын адамдар аз емес. Менің мотиваторым – анам. "Алғыс алып жүр, мың алғыстың бірі сені қиындықтан құтқарады" деп айтып отырады", - дейді ол.
Бұрын мұнай компаниясында еңбек еткен кейіпкеріміз қазір шығармашылыққа ден қойып, жеке ісін дамытып жүр.
"Қазір көп адамның астында көлігі бар. Кейде ойлаймын, ол кісілер ең болмаса бір адамды жолшыбай жеткізіп тастаса, қоғам қайырымды болар еді. Өзім жасап жүрген істі қайырымдылық маркетингі деп айтып жүремін. Жұмыстан шаршап келе жатқан адамды жолшыбай ала кетемін. Белгілі бір мөлшерде жол шығынын үнемдеген оның көңіл-күйі көтеріңкі болады.
Үйіне қуанып келіп, жақсы көңіл күйін отбасына сыйлайды. Міне, осылай жақсылық жалғасады. Кейде ақша берейін дейтіндер болады. Алмаймын. Ол кісіден басқа адамға жақсылық жасауын сұраймын. Жақсылық көп болған жерде көңіл күй де басқаша", - дейді Альбина Бисенова.
Айтуынша, биыл көктемде жеке ісін дамыту үшін жұмыстан шыққан. Қазір ол барлық уақытын қолөнер бұйымдарын жасауға арнайды. Қала ішіндегі тапсырыстарды жеткізуге шыққанда жерлестерін мінгізіп алып кету әдетін де қалдырмаған.
"Кішкентай кезімнен тігуді жақсы көремін. Ата-анам шебер. Қолөнермен тұрақты айналысып жүргеніме бір жылдан аса уақыт болды. Жасаған бұйымдарымды Қазақстанның барлық өңіріне тапсырыспен жіберіп жүрмін.
Бірдеңелерді ойлап табу маған қатты ұнайды. Көрпеше, сәукеле, қобдишаға тапсырыстар көп болады. Тұсаукесер, шілдехана бұйымдарын жасап, жайнамаз тігемін. Сонымен қатар, қазір шежіреге тапсырыс көп. Шаңырағында жеті атасының аты ілініп тұрғанын қалайтындар аз емес. Той орталықтары, асабалармен байланыстамын", - дейді Альбина.
Кейіпкеріміздің ерекшелігі мұнымен де шектелмейді. Альбина - қайырымдылық жасау десе алдына жан салмайтын еріктілердің бірі. Ол желідегі парақшасы арқылы тұрмысы төмен отбасының тағдырын көрсетіп, жиналған қаржыға көмек көрсетеді.
"Жақсылық жасауға уақыт табылады. Мектеп жасына дейінгі баласы бар, жұмысқа шыға алмай отырған аналарға көмектесемін. Себебі, мұқтаж отбасылардың дені жалғызбасты келіншектер. Көпшілігі қиын жағдайда жүр. Мотивация беремін. Жұмысқа тұру керек екенін айтамын. Бір келіншектің 14 жастағы қызына кондитерлік курстан өтуге көмектестік.
Қазір торт пісіріп сатып жүр. Мұқтаж отбасылар өте көп. Көпшілігі 6-7 баламен пәтер жалдап тұрады. Мүгедек балалары бар. Адамдар әртүрлі. "Қайырымдылықпен айналысады екенсің, маған 20 мың теңге қарызға бересің бе?" дейтіндер немесе ақша тауып беруімді сұрап, қатты сөздер айтатындар бар", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941909-aqtobelik-kelinsek-zerlesterin-koligimen-tegin-tasyp-el-batasyn-alyp-zur-foto/