Жандарбек Бекшин Алматыда коронавируспен жиі ауыратын тұрғындардың жас мөлшерін айтты
Жарияланған күні:
Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаладағы короновирус және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бекшиннің сөзінше, Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
"Қаламыздағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Аурушаңдық деңгейі төмендеп барады. Бағалау матрицасы бойынша қала "сары" аймақта. Қала бойынша жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 169 мыңнан астам адам тіркелді. Өткен тәуліктен бері қалада аурушаңдық деңгейінің төмендегенін байқап отырмыз.
Алдыңғы аптамен салыстырғанда 1369 жағдайдан 1065 жағдайға төмендеген. Ал өткен тәулікте 146 жағдай тіркелді. Алматы бойынша ұжымдық иммунитет көрсеткіші 56 пайызды құрайды. Оның ішінде вакцина алғандар 48 пайыз, ауырып жазылғандар 8 пайыз", - дейді Алматының бас санитарлық дәрігері.
Сондай-ақ, ол Алматыда 22 қарашадан бастап ревакцинация басталатынын атап өтті.
Брифинг барысында Бекшин коронавирус инфекциясын ең көп жұқтыратын алматылықтардың жас ерекшелігіне де тоқталды.
"Ең көп ауыратындар қатарында 20-39 жас аралығындағы және 60 жастан асқан қала тұрғындары бар. Осы көрсеткіштерге мән беру керек. Аталған екі контингентте вакцинация деңгейі төмен. Сондықтан жастар, 60 жастан асқан тұрғындар белсенді түрде вакцина алу тиіс", - дейді ол.
Жандарбек Бекшин мектеп оқушылары арасында аурушаңдық деңгейі жалпы көрсеткіштің 11 пайызын құрайтынын да айта кетті. Ал мектепке дейінгі балаларда бұл көрсеткіш 4 пайызды кұрайды екен.
"Бүгіннен бастап жасөсіпірімдер арасында вакциналау басталды. Менің ойымша, бұл аурушаңдық деңгейінің төмендеуіне әсер етеді", - дейді санитарлық дәрігер.
Сөз соңында Жандарбек Бекшин қала тұрғындарының қауіпті вирусты көбінесе қай жерлерде жұқтыратынына тоқталды.
"Ең бірінші орында сауда обектілері - 29 пайыз, қоғамдық көлікте жұқтыру деңгейі - 21 пайыз, отбасындағы байланыстар 22 пайыз, базарларда, жұмыс орындарында жұқтыру дерегі 9 пайызды құрайды. Бұл қала тұрғындары қаперде ұстайтын мәлімет", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941933-zandarbek-beksin-almatyda-koronaviruspen-en-zii-auyratyn-turgyndardyn-zas-molserin-aitty/