Еліміздің зейнетақы реформасының негізін салған мемлекет қайраткері дүниеден озды
Жарияланған күні:
Белгілі қаржыгер, еліміздің зейнетақы реформасының негізін салған қайраткер, экс-сенатор Дәулет Сембаев қайтыс болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Дәулет Сембаев 86 жасында дүниеден озды. Бұл туралы премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі Ербол Еділов Telegram арнасында жазды.
" Туған-туыстарына ауыр қазаға байланысты қайғыра көңіл айтамыз. Иманды болсын!", - дейді Ербол Еділов.
Дәулет Сембаев 1935 жылы 10 тамызда Алматыда туған. Мансабын С.М. Киров атындағы зауыттан бастаған. Кеңес дәуірінде бірқатар жоғары лауазымдарда болған. Қазақ КСР Кеңес аппаратында министр, Қазақ КСР мемлекеттік жоспар бөлімінде, Қазақ КСР президент кеңесінде қызмет еткен.
Айта кетейік, Дәулет Сембаев - тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің қаржы саласында елеулі еңбек еткен тұлға.
Атап айтқанда, 1991 жылы ол үкімет басшысының орынбасары, 1992 жылы премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Ал 1993 жылдан 1996 жылдың қаңтарына дейін Ұлттық банкке төрағалық етті. 1996-1997 жылдары сенат депутаты болды. 2005 жылдан бері Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің құрметті төрағасы.
Дәулет Сембаев тәуелсіздік тарихында еліміздің зейнетақы реформасының негізін салған тұлға ретінде есте қалды. Ол ұлттық валютаны енгізу бойынша мемлекеттік комиссияның, Евразиялық банкирлер клубының, Қазақстан экономистері қауымдастығы кеңесінің мүшесі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942171-elimizdin-zeinetaqy-reformasynyn-negizin-salgan-memleket-qairatkeri-dunieden-ozdy/