Студенттер Шымкент қаласындағы ЖОО жатақханаларында қалай тұрып жатыр
Жарияланған күні:
Биыл елімізде он мың орындық жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 1112-сі Шымкенттің үлесінде. Бұл Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау барысында жүзеге аспақ.
"Жеке инвесторлар есебінен Шымкент қаласында 7 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Биыл жатақханаларда 1503 жаңа орын ашамыз, бұл жоспарланғаннан 35%-ға артық. 2025 жылдың соңына дейін 3150 орындық жатақхананы пайдалануға береміз", – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Жеке инвестор Шарипа Өтебаева салған бес қабатты жатақхана қыркүйек айында ашылды. Мұнда 183 бөлме бар, онда 350 – ге жуық студент тұрады, басым бөлігі Әуезов университетінің студенттері. Әр қабатта - тоңазытқыштар мен электр плиталары бар бір ас үй, екі дәретхана орналасқан. Ғимараттың өзінде кітапхана, асхана, жуынатын бөлме, кір жуатын орын бар, жақын арада медициналық бекет жұмыс істей бастайды.
Жатақханадағы қауіпсіздік үшін әр қабатта және сыртқы аумақтың барлық жеріне бейнебақылау камералары орнатылған. Лифтісі бар пандус та қарастырылған, ал жақында тәулік бойы ыстық су беру үшін қазаншұңқырлар әкелінді.
"Шымкенттік студенттерді де, барлық ірі қалалардың студенттері секілді пәтер мәселесі толғандырады. Қазақстанда бұл проблема 2018 жылы наурызда еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бес әлеуметтік бастаманы белгілегеннен кейін белсенді түрде шешіле бастады. Олардың бірі жаңа студенттік жатақханалар салу болды. Жатақханамыз күздің басында ашылды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен келісімшарт жасастық. Бірақ өзге университет, колледж студенттерін де қабылдай аламыз", - дейді Шарипа Өтебаева.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бірінші курс студенті Сара Тәжібай қазан айында осында келген.
"Бұған дейін құрбыларыммен 20 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұратынмын. Бұл жатақхананы таңдағанымның басты себебі, университетіме жақын орналасқан. Пәтер жалдап тұратын кезде жарты күнім жолда өтуші еді, сабаққа кешігіп жүретінмін. Мұнда жайлы, әрі ыңғайлы. Студент үшін бар жағдай жасалған. Киімдерді жуып, тамақ та әзірлей аламыз".
Болашақ заңгер Есен Исламхан сабаққа асығып барады, жатақхана оған да ұнайтыны аңғарылып-ақ тұр.
"Бұған дейін мен туыстарыммен бірге тұрдым. Үйлері оқу орнынан ұзақ болғандықтан жолақыға көп ақша жұмсайтынмын. Ал қазір оқу орным жақын жерде, жаяу барып келемін. Қауіпсіздігім үшін ата-анам алаңдамайтын болды", - дейді ол.
Бірінші курс студенті Ақмарал Алғыбай өз қабатының старостасы - жатақхана тұрғындары арасында мәдени кештер мен іс-шаралар ұйымдастыруға дайындалуда. Мұндай шығармашылық кездесулер үшін бөлек бөлме бар. Ең бастысы, мұндағы студенттердің қалауы да сол екен.
"Бізге бұл жерде ыңғайлы. Менімен бірге бөлмеде екі қыз тұрады. Бірге кешкі ас дайындаймыз. Ал егер сабаққа дайындалғың келсе арнайы кітапхана бар. Шымкенттік студенттер үшін осындай жаңа жатақханалардың салынып жатқаны қуантады. Ыңғайлы жағдайда білім алу біз үшін өте маңызды", – дейді Ақмарал.
Осылайша жыл соңына дейін қалада жатақханаларда 1503 жаңа орын пайдалануға беріледі. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 3150 жаңа орын дайындалады. Қызығушылық танытқан инвесторлар шарт жасасу бойынша тиісті жұмыстарды бастап кетті.
Еліміздің үшінші мегаполисінде 8 жоғары оқу орнында 75 022 студент, сондай-ақ 32 колледжде 31 770 студент оқиды. Қазіргі уақытта қаладағы жатақханалардағы орын саны 7175, бұл барлық студенттер санының 9,5 пайызын құрайды. Бүкіл еліміз үшін жатақханадағы орын тапшылығы Шымкент өңірі үшін де өзекті мәселе болып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942200-studentter-symkent-qalasyndagy-zoo-zataqxanalarynda-qalai-turyp-zatyr/