Ақмола облысындағы әскери бөлімнен қашып кеткен сарбаз табылды
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрлігі Ақмола облысындағы әскери бөлімнен сарбаздың қашып кеткені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, жауынгер бір тәулік ішінде табылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 12 қарашада Ақмола гарнизонының 55209 әскери бөлімінде кешкі тексеру кезінде қатардағы жауынгердің болмағаны анықталған.
Сарбаз Қарулы күштер қатарына 2021 жылдың қараша айында шақырылған. Әскери бөлім командирі жігітті табу үшін қажетті шараларды қолға алған.
"Әскери қызметкер бір тәулік ішінде табылды, оның денсаулығына қауіп жоқ. Аталған факті бойынша әскери полиция органы тексеру жүргізіп жатыр", - деп хабарлайды ведомстводан.
Еске сала кетсек, бұған дейін 21 жастағы жігіт Ақмола облысы Ақкөлдегі 55209 әскери бөлімінен өз еркімен кетіп қалғанын жазған едік. Оны іздеу үшін әскери бөлім мен полиция қызметкерлерінен жедел іздестіру топтары құрылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942300-aqmola-oblysyndagy-askeri-bolimnen-qasyp-ketken-sarbaz-tabyldy/