Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында полицейлер тінту кезінде ақша ұрлады деп айыпталуда (видео)

Жарияланған күні:

Полиция
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қарақшылық шабуыл жасаған күдікті Алматы облысының полицейлерін аса ірі көлемде ақша жымқырды және қымбат телефон ұрлады деп айыптады. Осыған қатысты өңірлік полиция департаменті тексеріс басталғанын айтты, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Күдіктінің анасы Жанардың айтуынша, ұлы қарақшылық шабуыл жасады деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес ер адам Есікте жалға алынған көлікті сатпақ болған. Ықтимал сатып алушы келген кезде ол пышақпен шабуыл жасап, 10 млн теңгесін тартып алған.

Жігіт Алматыда дереу қолға түскен. Содан кейін күдіктіні тоналған ақшаны жасырған қонақ үйге әкелген. Тінту кезінде Жанардың сөзінше, полицейлер ұлынан сейф пен нөмірдің кілтін, ұялы телефонын тартып алған. Кейінірек, ақшаның басым бөлігі орнында болмағаны анықталған.

"Мен өз баламды ақтамаймын. Ол заң алдында жауап берсін. Бірақ мен бұл ақшаны тапсам, жазасы жеңілдетілуі мүмкін. Бұған Еңбекшіқазақ ауданы полициясы қызметкерлерінің қатысы бар деп ойлаймын. Өйткені ұстау кезінде солар ғана болды. Солар ғана ұлымның ақшаны қайда сақтағанын білді. Менің видео айғағым бар", - деді әйел.

Бейнебақылау камерасының видеосынан нөмірге тінтуге дейін медициналық маска таққан ер адамның кіргенін көруге болады. Ол құқық қорғаушылар мен ұсталған адам қонақ үй кіреберісінде тұрған кезде бөлмеде 15 минуттай болған.

"Бұл жағдай ақшаны, яғни заттай айғақты белгісіз біреулер ұрлап кеткен деуге негіз береді. Нөмірдің смарт картасы мен сейфтің кілті полиция қызметкерлерінде болды. Сонымен қатар, тергеушілер телефонның идентификациялық кодтарын білсе де, iPhone 13 телефонының қайда екенін анықтау үшін ешқандай шара қолданбаған", - деді адвокат Рустем Гаитов.

Ал полиция істің егжей-тегжейін жария етпеді. Алайда күдіктінің шағымы бойынша полицейлерге қатысты тексеріс жүріп жатыр.

"Күдіктіден тоналған ақшаның бір бөлігі жоғалып кеткені туралы арыз түсті. Аталған факті бойынша Алматы ПД аймақтық бөлімшесі Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу бастады", - деді полиция.

Қарақшылық жасағаны үшін күдікті 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда анасы ақшаны иесіне қайтарса, жаза жеңілдейді деп сенімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942341-almaty-oblysynda-policeiler-tintu-kezinde-aqsa-urlady-dep-aiyptaluda-video/