Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Басқа амалымыз жоқ": СҚО-да өзен суын қайнатып ішіп отырған тұрғындар жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

Видеодағы кадр
Видеодан кадр: "Хабар 24" арнасы

Солтүстік Қазақстан облысында Гончеровка елді мекенінің тұрғындары таза суға жарымай отыр. Ауылға құбыр тартылғанмен, тіршілік нәрі жоқ. Салдарынан қараша халық суды Есіл өзенінен тасып ішуге мәжбүр, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Гончеровка ауылының тұрғыны Елизавета Анастасьева ауылға су береді деген соң септик қаздыртып, тіршілік нәрін үйіне дейін тартқызып, ыстық судың қондырғысын да орнатып алғанын айтады.

Алайда қуанышы көпке созылмаған.

"Үш аптадай ғана су болды. Кейін қайта ажыратып тастады", – дейді ол.

Тұрғындар өздігінен құдық қазып алайын десе, мұнда жер астынан су шықпайды. Амалдың жоқтығынан халық іргедегі Есіл өзенінен су тасып ішуге мәжбүр екен.

Тұрғындардың айтуынша, әсіресе, тіршілік нәрін күзде, қыста және көктемде тасу қиынға соғады. Өйткені елді мекен жоғарыда орналасқан.

Одан бөлек, өзен суы 2-3 күнде бүлініп кететін көрінеді. Тіпті, мамандар сараптама жасап, пайдалануға жарамсыз екенін айтқан.

"Бірақ қайнатып ішеміз. Басқа амалымыз жоқ", - дейді тағы бір ауыл тұрғыны Галина Тагильцева.

Ал ауыз су мәселесін шешу үшін осыдан бірнеше жыл бұрын "Соколов" топтық су құбырында қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Ол үшін ел қазынасынан қыруар қаржы да бөлінген. Бірақ, бұл жоба сақалды құрылысқа айналған.

"Бұл ауылда негізінен барлық жұмыстар аяқталды. Бірақ жауаптылар түрлі сылтау айтып, тіршілік нәрін беруге асығар емес. Сондықтан аудан әкімі су ресурстары комитетіне арнайы хат жолдады", – дейді Берёзовка ауылдық округінің әкімі Аяс Дәуренбеков.

Жауапты кәсіпорын басшылығы болса, мәселе келер жылы шешіледі деп сендіріп отыр.

"Бас мердігермен әлі де жұмыстар жалғасады. Нақтырақ айтсақ, сорғы қондырғылары мен қажетті технологиялық жабдықтарды орнату қажет. Бұдан соң мамандар суға химиялық-бактериологиялық талдау жүргізеді. Содан кейін ғана су беріледі", - дейді "Есіл су" кәсіпорны филиалы директорының міндетін атқарушы Никита Забавин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942532-basqa-amalymyz-zoq-sqo-da-ozennin-las-suyn-qainatyp-isip-otyrgan-turgyndar-zanaiqaiyn-zetkizdi/