Мәжіліс депутаты ауылда жұмысы, қалада тіркеуі жоқ жастар мәселесін көтерді
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев NEET жастарына қатысты жүргізілетін жұмыстарды біріздендіру мәселелерін көтерді. Ол осыған қатысты депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Елімізде қазіргі уақытта 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны 5,9 млн адамды, яғни ел халқының үштен бір бөлігін құрайды. Сондықтан жастарды мемлекеттік қолдау елеулі ресурстар мен ойластырылған жүйелі шараларды талап етеді. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері басты назарға алынуы қажет", - деп атап өтті депутат.
Ұлттық бюроның мәліметінше, еліміздегі NEET жастарының үлесі шамамен 6,7%-ды (256 мың) құрайды. Дегенмен, пандемия салдарынан әлемде бұл санаттағы көрсеткіштердің саны едәуір артып келеді.
Дәлел ретінде, Еуростаттың 2020 жылдың қорытындысы бойынша Еуро Одақ мүшелігіндегі елдерде бұл көрсеткіш 2%-ке өсіп, орташа көрсеткіш 17%-тен жоғары деңгейді көрсетіп отыр.
Ал біздің елімізде жағдай қалай, жалпы жұмыссыз, жұмыс істеуге ынтасы жоқ, сонымен бірге уақытша табыс көздеріне машықтанған жастардың санына үңілсек. Қазіргі таңдағы жұмыссыз жастардың саны 3,6%-ды құраса, NEET жастарының үлесі 6,7%-ды құрайды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасындағы жастардың үлесі 25%-ды құрап отыр. Яғни аталған үш көрсеткіш жастар арасындағы жұмыспен қамтылу процестерінің мүлдем басқа деңгейде екенін анық көрсетіп тұр, - деп айтты Елнұр Бейсенбаев.
Сондай-ақ, 2021 жылғы ақпарат бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі өндірістік, туристік потенциалы бар өңірлерде, оның ішінде Қарағанды облысында – 9,1%, Ақмолада – 8,9%, Қызылордада – 8,1% құрады.
Бұл аймақтар көрсеткіш бойынша "антилидерлер" қатарында болғанына қарамастан, осы санаттағы жастармен жұмысты жүйелі реттеуге әлі де қауқарсыз. Бұл бір. Екіншіден, "Атамекен" ҰКП зерттеулерінің қорытындысы бойынша жоғары оқу орнының түлектерінің 35% мамандығы бойынша жұмыс істемесе, олардың 40% оқуды бітірген жылы жұмыс таба алмайды. Ал мемлекеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелері бюджет қаражатын игеруге көбірек бағытталғаны анықталуда. Мысал ретінде, "Жастар практикасы" жобасы бойынша 10 жылдың қорытындысына сәйкес, 190 мыңнан астам жастар 6 айлық іс-тәжірибеден өтті.
Бұл бағдарлама бойынша, әрі қарай жас түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуы емес, тек тәжірибеден өту индикаторы ескерілген. Үшіншіден, өңірлер берген тізімдердегі NEET санатындағы жастар саны Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес келмейді, - деп түсіндірді депутат өз сауалында.
Елнұр Бейсенбаев жұмыссыз және NEET санатындағы жастармен жұмысты бірізді жүргізу мақсатында ұсыныстарын айтты:
1. NEET санатындағы жастарды жіктеудің бірыңғай әдіснамасын дайындауды ұйымдастыруды. Есептеу әдістемесінде жастар жасының жоғарғы шегін 35 жасқа дейін ұлғайтып, оларды жас ерекшелігі, жынысы, тұрғылықты мекенжайына байланысты бөліп қарастыруды;
2. Жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға, уақытылы ақпараттандыруға бағытталған бірыңғай навигациялық сайтты, оның мобильді қосымшасын және оларға арналған ілеспе телеграмм ботты әзірлеу және іске қосуды қолға алуды;
3. Жастардың осы санатымен жұмыс істеу тиімділігін бағалау үшін тиісті орталық мемлекеттік органдар мен өңірлік дамыту бағдарламаларында NEET санатындағы жастардың санын азайту жөніндегі мәселелерді бекітуді сұрады.
Ауылда жұмысы жоқ, ал қалада тіркеуі жоқ, жалдамалы пәтерде күн кешетін, білім алуға мүмкіндігі жоқ жастар мен табыс көзін таба алмаған жастарымыз жетерлік. Осы орайда, "Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын" демекші, мемлекет тарапынан жастарға әрдайым үлкен қолдау керек екендігін ескертеміз", - деді депутат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942666-mazilis-deputaty-auylda-zumysy-qalada-tirkeui-zoq-zastar-maselesin-koterdi/