"Су болмады": Шортандыдағы жарылысты көзімен көрген көршілері қорқынышты күнді еске алды
Жарияланған күні:
Ақмола облысына қарасты Шортанды ауылында болған жарылыстан, бір отбасынан 3 адам қаза болды. Мамандардың айтуынша, газ баллоны жарылған. Ал оқиғаның куәгерлері жарылыс туралы тың деректермен бөлісті деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Оқыс жағдай кезінде үйде қонақтар болған. Үй иесі барлығы өзімнің балаларым мен немерелерім деп көз жасын тыя алмады. Қария бір түнде 2 келіні мен 4 жастағы немересінен айырылып қалған.
"Олар менің балаларым мен немерелерім. Өзімнің отауым бөлек, олардың отауы бөлек. Жүгіріп үйге келсем, мына жер өртенген, ал балалар шала күйген. Бір қарасам жедел жәрдемнің ішінде жатып есімнен танып қалыппын. Есімді жинасам, балалардың сүйегін бір-бірден әкеп, үйдің іргесіне қойып жатыр екен. Үш баламның сүйегін", - деп көзіне жас алды Нұрымбай.
Шортанды ауылының тұрғындары жарылыстың дауысын ести сала, бірден көмекке жеткенін жеткізді.
Олардың сөзінше, сол күні ауылда су болмаған. Өрт сөндірушілер келгенше шелектеп су тасып, қызыл жалынды сөндіруге тырысқан екен.
"Өрт сөндіретін көлік жарты сағаттан кейін келді. Сосын су жоқ деп кетіп қалды. Екіншісі келді де, су қатып қалды деді. Су бар ма жоқ па, бұл өтірік пе шын ба білмейміз. Енді машинаны есіктің алдынан алайық десек, солярка жоқ дейді. Қалың ел итеріп шығардық", - деді елдімекен тұрғын Үкімет Бағлан.
Ал Кәби Қуанар атты көршісі балаларды қалай құтқарып алғанын жеткізді.
"Жүгіріп, артқы терезеге барсам, шуылдап тұр екен. Ішінен ұр-ұр дедім, ұрды. Ұрғаннан кейін баланы лақтыр дедім. Бәрін лақтырды. Лақтырып, шығарып, үйге әкеліп, енді қайта барсам жедел жәрдем келіп, өрт сөндіру көлігінде су жоқ, қатып қалған дейді. Бұл жерде 15 минуттай тұрды. Кешігіп қалды. Су болғанда ана кісілер күймеуші еді", - деді ол.
Сонымен қатар Кәккей Жолдас атты ауыл тұрғыны неге өкінетінін жасырмады.
"Пожарныйда" су болмады. Соған өкінеміз. Мұндай жағдайда "пожарный" дайын болу керек. Бұл деген сұмдық нәрсе ғой", - деп ашынды ол.
Ал Ақмола облыстық төтенше жағдай департаменті бұл ақпаратты бірден жоққа шығарды.
"Ондай болу мүмкін емес. Өйткені, біздің өрт сөндірушілер күн демей, түн демей, ауа райына қарамай дереу шығады. Біз толы дизель отынымен, толы мөлшерде сумен әрқашан өрт сөндіруге, кез-келген төтенше жағдайдың алдын алуға дайынбыз", - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары Ерлан Молдаханов.
Өңір әкімдігі де зардап шеккендерге қолдан келген көмекті аямаймыз деп уәде берді. Қақаған қыстың алдында далада қалдырмайтындарын жеткізді.
"Қазіргі уақытта ол кісілер далада қалмайды. Біз енді уақытша пәтерлерді жалдап алдық. Уақытша сонда тұруға мүмкіндік болады", - деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Таткеев.
Қазір жарылысқа қатысты іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, үш адамның өмірін жалмаған қайғылы жағдай 16 қарашада Ақмола облысының Шортанды кентіндегі Линейная көшесінде болған.
Автор: А. Базарбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942737-su-bolmady-sortandydagy-zarylysty-kozimen-korgen-korsileri-biraz-syndyqtyn-betin-asty/