Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы пандемия кезінде адамдар қандай көмек алды

Жарияланған күні:

госпрограмма «Еңбек»
Фото: gov.kz

Пандемия барлық салаға, әсіресе еңбек нарығына кері әсерін тигізді. Алайда жұмыссыздық деңгейінің артуына жол бермеу мақсатында елімізде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның пандемия кезіндегі ықпалы туралы материалды NUR.KZ порталынан оқыңыздар.

5 жылда мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыспен қамту жобаларына 3 миллионнан астам адам қатысты. Бұған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ресми деректер куә.

Сонымен пандемия кезінде, яғни 2020 жылдың басынан бері бағдарламаға 1,2 миллион адам қатысса, екі жылға жуық уақыт аралығында жұмысқа орналасқан адамдар 70 пайыздан асты, соның ішінде 600 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бағдарламаға қатысуға тілек білдіруші ауыл тұрғындарының да саны артқан. Егер 2017-2019 жылдар аралығында бағдарламаға қатысқан ауыл тұрғындарының саны орта есеппен 300 мың болса, 2020 жылы 341 мың адам болды, ал 2021 жылдың басынан бергі уақытта – 310 мың.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты – «Техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуге» 100 мыңнан астам адам қатысқан. Екінші бағыт – «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға» жеке ісін ашып, дамытуға 150 мыңнан астам адам тілек білдірген.

Дегенмен, «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағыты кеңінен қолданылуда. Оған 2020 жылдан бері 6 жоба: «Әлеуметтік жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында ерікті қоныс аудару» бойынша 400 мыңдай адам қатысты.

Айгуль Алимкулованың отбасы осы жылдың сәуір айында Шымкенттен Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударып, ерікті қоныс аудару жобасының қатысушы атанды.

«Бұған дейін бұл бағдарламамен туысқандарымыз қоныс аударған, олар бізге де қоныс аударуды ұсынды. Біз құжаттарды жылдың басында тапсырып, екі айдан соң көштік», – дейді Айгуль.

Оның айтуынша, өңіраралық ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан субсидия түрінде көмек көрсетілген,соның арқасында үш баласы бар отбасы үй сатып алыпты.

«Алтайдан үш бөлмелі пәтер сатып алдық, жолдасым екеуміз жұмысқа орналастық. Әрине, туған-туыс Шымкентте болғандықтан, ол жақтан көшу ауыр болды. Есесіне мұнда өз үйіміз, жұмысымыз бар. Бала-шағаны аяқтандыру жеңілдей түсті. Оның үстіне бұл жақтың климаты да өте жақсы. Кейінірек ірі қалалардың біріне көшкіміз келеді, алайда дәл қазіргі уақытта мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдау айтарлықтай демеу әрі көмек», – дейді Айгуль Алимкулова.

Атап өтетін болсақ, ағымдағы жылдың 1 қарашадағы жағдай бойынша «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатындағы ерікті қоныс аудару» жобасы бойынша Шығыс Қазақстан облысына 253 адам, Қостанай облысына 212 адам, Павлодар облысына 759 адам, Солтүстік Қазақстан облысына 532 адам, Ақмола облысына 58 адам қоныс аударды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942846-enbek-memlekettik-bagdarlamasy-arqyly-pandemiya-kezinde-adamdar-qandai-komek-aldy/