Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда тағам жеткізушілер үшін жаңа ереже енгізілуі мүмкін

Жарияланған күні:

глово753
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда тағам жеткізушілер үшін жаңа ереже енгізілуі мүмкін. Полиция департаменті олардың сөмкесін нөмірлеуді ұсынып отыр. Бұл көп жағдайда жол апатының себепкері болатын мопед пен скутер жүргізушілерінің жауапкершіліктен қашпауына түрткі болмақ. Полицияның бұл бастамасын бірден 2 бірдей ірі компания қолдап отыр, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Тамақ тасымалдайтын ірі желілердің бірі сөмкелерді нөмірлеуді бір жыл бұрын бастаған. Барлық қораптың үш жағынан жеке нөмірлер жабыстырған.

Компания басшылығы қызметкерлерге күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін де атап өтті. Қандай да бір тәртіпбұзушылық болған жағдайда жауапкершіліктен қашпайтынын айтады.

"Біз өз қызметкерліріміз үшін қатты алаңдаймыз, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткіміз келеді. Сондай-ақ, бұл тұтынушылармен кері байланыс орнатуға көмектеседі. Қандай да бір арыз-шағым болса, сол нөмірді айтып жауаптыларға хабарласса болады. Осылайша, қызмет сапасын арттыруды көздейміз", - дейді компанияның операциялық директоры Ильхам Исмаилов.

Көбіне тамақ тасушылар қарапайым ережелерді ескермейді екен. Мәселен, межелеген нүктесіне тезірек жету үшін жаяу жүргіншінің жолына да шығып кетіп, абайсызда адамдарды қағуы да мүмкін. Осындай жағдайда жапсырылған нөмір бойынша тәртіп бұзушыны лезде тауып алуға болады.

Ал жол қауіпсіздігіне жауап беретін қауымдастық өкілі Арсен Шәкуовтың айтуынша, бұл бастама апатты жағдайдың алдын алу үшін жеткіліксіз. Оның сөзінше, заң жүзінде өзгерістер енгізу қажет.

"Біз ішкі істер министрлігі мен парламент мәжілісіне мопед секілді көліктерді тіркеу туралы мәселені қайта қарастыруды ұсынып отырмыз. Оларға мемлекеттік нөмір берілу керек. Сонда сақтандыруды рәсімдеу, не болмаса жауапкершілікке тартуды бақылауға болады", – дейді "Жалпы жол" қауымдастығының президенті Арсен Шәкуов.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері тағам тасымалдаушылардың қатысуымен 250-ден астам жол көлік оқиғасы тіркелген. 270 адам зардап шегіп, бесеуі қаза тапқан.

Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942930-almatyda-tagam-zetkizusiler-usin-zana-ereze-engizilui-mumkin/