Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде сауда орындарында шіріген картоп сатылып жатыр

Жарияланған күні:

картоп
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбедегі сауда орындарында тұрақтандыру қорынан әкелінген шіріген картоп сатылып жатыр. Бағасы арзан болса да, көкөністі ешкім алмай жатыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, Ақтөбеде картоптың келісі 200 теңгеден жоғары. Көкөніс бағасының өсуін тежеп, халықты арзан өніммен қамту үшін бір айдан бері тұрақтандыру қорындағы арзан картоп саудаға шығарыла бастаған. Алайда, әлеуметтік баға 84 теңгеге болса да картопты ешкім алмай жатыр.

"Оны не істеймін ақшаға шіріп жатқанын алып, қайтеміз амал жоқ осыдан аламыз, қымбат болса да. Өздерің көріп тұрсыңдар, іріктеп қарап едім, алатын жері жоқ", - деді жергілікті тұрғын Задагүл Жанәділова.

Сауда орнының өкілі сөрелердегі картоптың тұрақтандыру қорынан әкелінгенін растады. Айтуынша, көкөністің алғашқы партиясы таза, түсі сары картоп болған. Кейін түсі қызыл, нашар картоп келе бастады, дейді саудагер.  

"Осы келген қызыл 84-тің картобы, адамдар іріктеп алып жатыр, шірігенін алмайды", - деді сауда орнының өкілі Нұргүл Тасбаева.

Ал тұрақтандыру қорындағы көкөністің сапасына жауапты "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілі қордың өнімі шіріген болуы мүмкін емес деп ақталды.

Оның айтуынша, картоп қоймадан жіберілер алдында сапалы болған. Әрі қарай дүкенге жеткенше шіріген-шірімегенін  ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мен мониторингтік топ қадағалауы тиіс екен.

"Өнімді іріктеу кезінде шатастырып, шірігенін салып жіберетін жағдайлар болады, бұл адами фактор. Бірақ, бұл тұрақтандыру қорының барлық өнімі шіріген деген сөз емес. Бұл жайтты тіркеп, мониторингтік топқа тексеруге жолдаймыз", - деді "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әнуар Асылов.

Айта кетері, екі апта бұрын тұрақтандыру қорына көкөніс салған кезде мониторингтік топ картопты кесіп, көріп сапасына мүлдем сын айтпаған.

Биыл тұрақтандыру қорына 1 мың тоннадан астам картоп салынған. Бұған бюджеттен 78 миллион теңге жұмсалған. Келесі аптада қорда сақталып тұрған сәбіз, пияз бен қырыққабат саудаға шығарылады.

Г. Сейтенова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943104-aqtobede-sauda-oryndarynda-sirigen-kartop-satylyp-zatyr/