RU

Алматы облысында бөгет бұзылып, жануарлар паналайтын орын су астында қалды (видео)

Су басқан аумақ
Фото: Алматы облысы ТЖД

Алматыдағы "Белый Бим" жануарлар үйі қазақстандықтардан көмек сұрап, үндеу жолдады. Книжевский су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан жануарлар паналайтын орынды су басты. Бұл туралы мекеме жұмысшылары Instagram парақшасында хабарлады.

"Жануарлар панасында төтенше жағдай! Көлдегі бөгет бұзылып, пана су астында қалды! Көршілердің үйлерін де, барлығын су басып кетті. Әлі ол жерге кірген жоқпыз, қақпа алдындағы бір жарым метр жерде су жатыр. Қақпаның өзі құлап қалған. Өзенде көпірі жоқ", – делінген жазбада.

Айтуларынша, кейбір иттерді қарғыбаудан және тордан босатуға тура келген, әйтпесе жануарлардың аман қалуы екіталай еді.

"Дала аяз, үйшіктердің бәрі малмандай су. Енді не істейтінімізді білмеймін, бірақ сіздерден көмек күтемін! Иттердің тым болмаса жартысын шығару керек. Бұл жұмыспен қанша уақыт арпалысатынымызды білмеймін", – деп жазады пост авторы.

Сонымен қатар, кейбір жануарлар өзара төбелесіп, ветеринарлық көмекке мұқтаж болған. Посттың астында жануарлар тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар ақша жібере алатын банк картасының деректемелері жазылған. Бірақ сіз тек қаржылық жағынан ғана емес, сонымен қатар құрылыс материалдарын, жылы киімдерді жібере аласыз немесе баспана иелеріне оны қалпына келтіруге көмектесе аласыз.

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінен NUR.KZ тілшісіне хабарлағандай, пана бөгет орнынан 500 метр қашықтықта, Қарғалы өзенінің жағалау аймағында орналасқан.

"Су жануарлар панасы аумағына жартылай (деңгейі 15-20 см шамасында) кірген, апат салдарынан жануарлар зардап шекпеді. Панада барлығы 150 ит бар, оқиға болған кезде жануарларды панахана қызметкерлері мен келген жедел жәрдем қызметкерлері қауіпсіз жерге апарды.

Пана аумағында күрделі құрылыстар жоқ, барлық құрылымдар торлы орын түрінде жасалған. Қазіргі уақытта су тартылды, су басу қаупі жоқ, жануарларға қауіп төніп тұрған жоқ. Тұрғын үйлер мен аула аумақтарын су басқан жоқ", – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943282-almaty-oblysynda-boget-buzylyp-zanuarlar-panalaityn-oryn-su-astynda-qaldy-video/