Шымкентте көпбалалы отбасы бес жыл бойы салған баспанасынан айырылып қалды
Жарияланған күні:
Шымкентте тұратын Еникеевтер отбасы тілсіз жау салдарынан бес жыл бойы салған баспанасынан бір мезетте айырылып қалды, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Көп балалы ана Рамзия Еникееваның айтуынша, өртеніп жатқан үйдің ішінен тек құжаттары мен бірнеше затын шығарып үлгерген.
"Шатырға шығып едік, ол жақтан қатты түтін шығып жатты, содан кейін өрт сөндірушілерді шақырдық. Өрт сөндірушілер келіп, бәрін бұзып тастады. Біз оларды сағат үштерде шақырдық, сағат түнгі 4-те өртті сөндіріп берді. Бізге өрт электр сымдарынан шықты деп айтты, бірақ менікі электр сымдарынан емес, бөлменің арғы жағынан бықсып тұрды", - деді әйел.
Енді бес баласы бар отбасының барар жері жоқ. Үйдің отағасы - жалғыз асыраушы. Ер адам сантехник болып жұмыс істейді. Оның жалақысы мен көп балаларға төленетін жәрдемақыдан басқа жанұяның табыс көзі жоқ.
Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, сол түні 14 өрт сөндіруші өртті сөндірген. Болжам бойынша өрт пештен шыққан болуы мүмкін. Құтқарушылар өрт қасақана қойылған деген нұсқаны теріске шығарып отыр.
"Қасақана өрт қойылды деген күдік жоқ. Өйткені, негізінен пеш жанған. 6 шаршы метр, яғни үйдің шатыры мен төбесі. Үй иелері пешті тазаладық дейді, алайда 2018 жылы дәл осы үйде өрт болған еді. Сол кезде де пештен шыққан болатын", - дейді Шымкент қаласы Абай ауданы ТЖБ аға инженері Эльдар Паттахов.
Белгілі болғандай, мемлекет мұндай жағдайда зардап шеккендерге көмектеспейді. Әзірге отбасыны таныстары үйлеріне паналатқан.
Қазіргі уақытта Еникеевтер бей-жай қарамайтын қазақстандықтардың көмегіне үміт артып отыр. Оларға қаржылай да, уақытша баспана немесе құрылыс материалдарымен де көмектесуге болады.
Рамзия Еникееваның телефон нөмірі: 8-775-316-99-21.
Sberbank картасының реквизиттері: 4263 4333 4532 6661 (ALEXANDR SHISHKIN).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943438-symkentte-kopbalaly-otbasy-bes-zyl-boiy-salgan-baspanasynan-aiyrylyp-qaldy/