Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында миллиардтан астам қаржыға салған құбыр жарылып жатыр

Жарияланған күні:

Құбыр
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысында шағын ғана ауыл миллиард теңгеден астам қаржыға тартылған құбырдың қызығын көре алмай отыр. Өйткені сапасыз құрылыс жарты жылға жетпей сыр берген. Ал 200-дің үстіндей түтін ғана бар ауыл тұрғындары сол күйі суға жарымаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Осыған дейін Талғар ауданына қарайтын Нұра ауылында осыған дейін ашық- шашық жатқан су құбырлары жарылып, 220 үй сусыз қалған. Біреуі, тіпті, бос жатыр. Тұрғындар мұның себебін сапасыз құрылыстан көреді. Айтуларынша, жарты жыл ішінде құбыр 10 шақты рет жарылған.

Ал су құбыры жүйесіне мемлекеттен 1 миллиард 40 миллионға жуық қаражат бөлінген. Оның құрылысы үш жыл бұрын басталып, өткен жылы аяқталуы керек болған. Алайда, іс соңына жетпеген.

"Берген қысымнан шыдамайды. Демек, бұл технологиялық жұмыстың дұрыс орындалмағаны. Жарылып жатқаны бар. Жарық мәселесі де бар. Осындай әлеуметтік мәселе көтеріліп жатқанда неге әкім қадағалап, жарық болуына, халықтың мәселесіне атсалыспайды?",- дейді Нұра ауылыынң тұрғыны Болат Қасымов.

Мәселен, Айгерім Нұрданова тіршілік нәрінен таршылықты жарты жыл көріп келеді. Жұпыны пәтерді жалдап тұрған төрт баласы бар ананың су тауқыметін тартқаны жығылғанға жұдырық болған.

"Бізде ылғи да суды өшіріп тастайды. Суды бұрынғы Кеңес одағындағыдай арбамен тасимыз. Судың сапасы өте төмен. Қақ деген қабат болып жиналады. Шәугімдерімізді ылғи қырамыз да жатамыз. Бір шәугім суды толтыруға бір сағат уақытым кетеді. Кір жуғышымыз күйіп кетті. Бүйректерім тұзға толып кетті. Тасы бар дейді. Өйткені суды осы ауылдан су ішеміз. Балаларым жиі ауырады",- дейді ол.

Ал ауыл әкімі тиісті мекемелер мен мердігерге хат жазып, бір айдың ішінде мәселені толық шешпекші. Егер құбыр қайта жарылып тұрғындар сусыз қалса, мердігер компанияны сотқа береміз деп отыр.

"Аудан әкіміне хат жазғанбыз. "Асатайдың" басшыларына жаздық. Неге жасамайсыңдар, мерзімі де өтіп кетті дедік. Масқара! 1миллиард 59 миллионға алып отыр. Енді құбырлар жаңа салынған ғой.  Апат болған жағдайда мердігерлерді шақырып сотқа жүгінеміз. Сотқа бере саламыз. Жауап берсін. Келісімшарт бар",- дейді Нұра ауылдық аймағының әкімі Сейітқұл Дөңбаев.

Мәселе шешілмесе, мердігер мен жергілікті билікті тұрғындардың өзі сотқа беруге дайын отыр.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943633-almaty-oblysynda-milliardtan-astam-qarzyga-salgan-qubyr-zarylyp-zatyr/