Ресейге 90 күннен астам мерзімге баратын қазақстандықтарға қатысты жаңа ереже шықты
Жарияланған күні:
Еліміздің Ресей Федерациясындағы елшілігі сол елге 90 күннен астам мерзімге баратын қазақстандықтарға қатысты жаңа ережені жария етті, деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.
Жаңа ережеге сәйкес, 2021 жылдың 29 желтоқсанынан бастап Ресейге 90 күннен астам мерзімге баратын Қазақстан азаматтары ресейлік медициналық мекемелерде нашақорлық пен жұқпалы аурулардың, оның ішінде АИТВ инфекциясының жоқтығын растауы керек.
"Анықтамаларды ІІМ аумақтық органдарына тапсыру қажет. Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз азаматтардың құжаттарын оның ата-анасының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының бірі (6 жасқа дейінгі балаларға қолданылмайды) ұсына алады", - дейді Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігі.
Сондай-ақ, қазақстандықтарға міндетті мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеуден және суретке түсіруден өту қажет, одан кейін ІІМ аумақтық органдары оларға тиісті құжат береді.
Еске сала кетейік, еңбек қызметі мақсатында Ресейге келген жағдайда, жоғарыда көрсетілген рәсімдерден келген күннен бастап 30 күн ішінде, басқа мақсаттарда – 90 күн ішінде өту керек.
"Медициналық анықтамалардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін қазақстандықтар 30 күн ішінде медициналық куәландырудан қайта өтуге және жаңа құжаттарды ІІМ аумақтық органына немесе мемлекеттік және жергілікті қызметтердің бірыңғай порталын пайдалана отырып, электрондық құжат нысанында не ведомстволық бағынысты кәсіпорын немесе уәкілетті ұйым арқылы ұсынуға міндетті", - деп қосты ведомство.
Жоғарыда аталған талаптар орындалмаса, Ресейде болу мерзімі қысқартылуы мүмкін.
Құжаттың толық мәтінімен сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943811-reseige-90-kunnen-astam-merzimge-baratyn-qazaqstandyqtarga-qatysty-zana-ereze-syqty/