"16 жыл күрестім": Өздігінен жүріп-тұра алмайтын шымкенттік бойжеткеннің өмірге деген махаббаты елді қуантты
Жарияланған күні:
18 жастағы Назерке Ермек - әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының бірі. Өздігінен жүріп-тұра алмайтынына қарамастан, ол интернет арқылы табыс тауып, өзіне қажетті дүниесін алып, ата-анасына да көмектесіп отыр. Дәрігерлер Назеркеге арқа бұлшықет атрофиясы диагнозын қойған. Бүгінде оның аталған ауыр дертпен күрескеніне 16 жыл толды. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Назерке өзін мүгедектігі бар адам ретінде сезінбейтінін, ел қатарлы өмір сүретінін және өмірдің тек жақсы жақтарын көретінін айтты.
Қазіргі таңда Назерке өзінің үлкен әрі тату отбасымен бірге Шымкент қаласында тұрады.
"Негізі, Қызылорда қаласында туғанмын. Қазір Шымкентте өмір сүреміз. Иә, маған қойылған диагноз әлемдегі ең ауыр сырқаттың бірі. Кішкентай кезімде бұл дерттің, тіпті, емі жоқ еді. Қандай диагноз екенін де білмедік.
Кейін медицина дамып, тауып берді ғой, әйтеуір. 2018 жылы өздігімнен демала алмай, өкпені жасанды желдету аппаратына тәуелді болдым. Сенесіз бе, бір жарым жыл бойы ауруханада жаттым.
Сол кезде өмірімде алғаш рет халықтан көмек сұрап, ИВЛ аппаратын сатып алдық. Қазіргі кезде денсаулығым жақсы, өзім тыныс аламын", - дейді бойжеткен.
Назеркенің айтуынша, осы ауыр сынақты жеңу үшін оған күш пен жігерді де қосып берген. Ол өмір сүруге деген құлшыныс пен мотивацияны тек өзінен алатынын жасырған жоқ.
"Мен жылап, мұңайып жата алмаймын. Мотивацияны өзімнен және сүйікті блогерім Жансерік Қадырбаевтан аламын. Менің үмітім зор. Жүріп кететініме қатты сенемін. Екі жасқа дейін мен қалыпты балалар секілді дамыдым.
Ал екі жастан соң осының бәрі басталды. Ата-анамның мені апармаған жері жоқ. Ауруханадағылар да бізді жаттап алған. Дәрігерлер маған әкемнің ерекше қамқорлықпен қарайтынына риза болатын. Бүгінде бұл аурудың емі бар. Жазылып кететін мүмкіндігім бар. Осыған шын сенемін", - дейді ол.
Назеркеге мүгедектігі бар адамдарға қоғам мүшелерінің мүсіркеп қарайтыны мүлде ұнамайды. Ол ерекше адамдардың өзгелерден еш кем еместігін айтып, барлығына тең көзқарас болғанын қалайды.
"Мүгедектерді аяп, мүсіркеп, оларды көрсек жау көргендей қараймыз. Міне, осыны жойғым келеді. Маған ұнамайды мұндай көзқарас. Ерекше адамдар да бәріне жете алатынын көрсеткім келеді. Болашақта көптеген жандарға мотиватор болуды армандаймын. Бүгінде үйде отырып, SMM менеджері ретінде жұмыс істеймін. Мүмкін, блогерлікке бет бұрармын.
Медицина саласына да бойлағым келеді. Онлайн жұмыс істеген қатты ұнайды. Алғашында табыс табу деген арман болмаған, тек блогымды дамытып, көп оқырманым болса екен дейтінмін. Кейіннен Instagram-ның мүмкіндіктерін көріп, SMM менеджерлікке тоқтадым. Яғни, бизнес парақшаларды, эксперттердің парақшасын жүргіземін. Олар маған айлық төлейді, шүкір", - дейді Назерке.
Бүгінде Назерке сән, жаңа трендтер мен өзіне күтім жасауға қатысты дүниелерді оқып, әрдайым әдемі әрі көңілді жүруге тырысады. Ол өзіне қамқор болған ата-анасы мен бауырларына және әжесіне алғысы шексіз екенін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943843-16-zyl-kurestim-ozdiginen-zurip-tura-almaityn-symkenttik-boizetken-uiden-tabys-tauyp-ozgelerdi-enbek-etuge-saqyrdy/