Павлодарда мектебі жөндеуге жабылған оқушылар сабақты үйден оқуға мәжбүр
Жарияланған күні:
Павлодар облысында 102 млн теңгеге жөнделген мектеп ашылмай жатып, жабылды. Балаларды уақытша мәдениет үйіне орналастырған болатын. Бірақ мәдениет ошағы да жөндеуге жабылып, енді оқушылар сабақты үйден оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Тереңкөл ауданына қарасты Березовка ауылы мектебінің бой көтергеніне 50 жылдан асқан. Алайда, осы уақытқа дейін бірде-бір рет жөндеу көрмепті.
Аудан атқамінерлері биыл тамыз айында білім ошағын жөндеуге жапқан. Бірақ жөндеу жұмыстары 3 айға созылыпты. Соның салдарынан оқушылар ауылдағы ескі мәдениет үйінде оқуға мәжбүр болған.
"Оқушылар 17 қарашаға дейін мәдениет бөліміне қарасты ғимаратта оқып келді. Бірақ, аталмыш мекеменің бір жартысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болғандықтан, балалар қашықтықтан оқуға жіберілді. Мәдениет ошағы 16 желтоқсанға дейін жөнделіп тапсырылу керек. Сол себепті балаларды көшіруге мәжбүр болдық", - деді Березовка ауылының әкімі Оксана Жаркина.
Аудан атқамінерлері жөндеу жұмыстарының созылып кеткені қағазбастылыққа байланысты дейді. Мәселе көп ұзамай шешілетінін айтады.
"50-60 жылдың ішінде бұл мектеп осындай күрделі жөндеуден өткен жоқ. Сондықтан осы жылы үлкен мүмкіндік. Осы мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Қосымша спорт залы апаттық жағдайда. Спорт залы да құрылатын болады", - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Білім ошағын күрделі жөндеуден өткізуге 102 млн теңге жұмсалған. Қомақты қаржыға есік, терезе, электр және кәріз жүйесі жаңаланған. Оған қоса сырлау, ақтау секілді ішкі әрлеу жұмыстары да жүргізілген. Енді өз ісіне салғырт қараған шенділер жауапгершілікке тартылуы мүмкін.
Ө. Қуанар
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944023-pavlodarda-mektebi-zondeuge-zabylgan-oqusylar-sabaqty-uiden-oquga-mazbur/