Шымкентте оқушы дене шынықтыру сабағынан кейін қайтыс болды
Жарияланған күні:
Шымкентте жетінші сынып оқушысы дене шынықтыру сабағынан ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оны құтқара алмай, бала қайтыс болды. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева айтты, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Бала оқитын мектеп директорының айтуынша, 19 қарашада дене шынықтыру сабағында оқушы өзін нашар сезінген. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жасөспірімді жеке кабинетіне апарып, жағдайын мектептің медицина қызметкеріне жеткізген. Дәрігер тексеріп, жедел жәрдем шақырған. Оқиға туралы баланың анасына дереу хабар берілді.
"Жедел жәрдем баланы ауруханаға жеткізді. Бала жансақтау бөлімінде болған. 2021 жылдың 20 қарашасында таңертең анасына телефон соғып, жасөспірімнің жағдайын сұрағанда, ұлы түнде қайтыс болғанын айтты",- деді Шымкент қалалық білім басқармасында.
Жанат Тәжиеваның сөзінше "№1 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының" 7-сынып оқушысы 2021 жылдың 19 қарашасында түнде емхананың жансақтау бөлімінде жедел жүрек-өкпе жеткіліксіздігі диагнозымен қайтыс болған.
"Баланың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз", – деді Жанат Тәжиева.
Денсаулық сақтау басқармасы жетінші сынып оқушысы оқитын лицейде балаларға Pfizer вакцинасы салынғанын мәлімдеді. Алайда жасөспірімнің анасы екпе алудан жазбаша түрде бас тартқан.
"19 қарашада қалалық балалар ауруханасына 2009 жылғы жасөспірім өте ауыр жағдайда жеткізілді. Белгілі болғандай, дене шынықтыру кезінде бала күтпеген жерден өзін жайсыз сезініп, әлсіреп, аяғынан тұра алмай қалған. Оны кушеткаға жатқызыпты. Мектеп дәрігері жағдайды директорға, баланың ата-анасына хабарлаған. Реанимациялық шараларға қарамастан бала қайтыс болды. Балаға өкпе-жүрек жетіспеушілігі, өкпенің ісінуі, мидың ісінуі және жүрек бұлшық етінің кеңеюі диагнозы қойылды. Оқушыға анасының рұқсат бермеуіне байланысты Pfizer вакцинасы салынған жоқ", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944097-symkentte-oqusy-dene-synyqtyru-sabagynan-keiin-qaitys-boldy/