ҮЕҰ академиясы 2021 жылғы маусымды қорытындылады
Жарияланған күні:
ҮЕҰ академиясының аяқталған маусымы өте мазмұнды және қызықты болды. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының сарапшылары Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары үшін ауқымды жобаны іске асырды. Оның нәтижелері шынымен де таңқаларлықтай.
Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарды оқыту тәржірибесінде алғаш рет ғылыми-зерттеу тәсілі қолданылды. Яғни, ұйым мүшелеріне қажет дүниені ғана үйрету үшін, ҮЕҰ-дардың білім беру қызметтеріне мұқтаждығын анықтау мақсатында арнайы тартылған мамандар зерттеу жүргізді.
Зерттеу нәтижесінде ұйымды бірқатар мәселелер мазалайтыны анықталды. Олар: қаржылық тұрақтылықтың жоқтығы, заңдарды дұрыс білмеушілік, мемлекеттік гранттарға деген тәуелділік, ҮЕҰ-ға деген сенімнің төмендеуі мен тағы басқалар.
Осы нәтижеге сүйене отырып сарапшылар франчайзинг, маркетинг, жобаларды басқару, салық және заңнамалық сауаттылық, әлеуметтік жобалау мен басқа да бағыттарды қамтитын білім беру бағдарламасын жасады.
Бағдарламаға 40-қа жуық тренинг бар 8 модуль енді. Нәтижесінде ҮЕҰ-ның 811 өкілі толық оқытудан өтіп, сертификат алды.
Екінші бағыт – қазақстандық ұйым өкілдерін кәсіпкерлік бағытты дамытуға үйрететін «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі. Үш лекке бөлінген 167 қатысушы қазақ және орыс тілінде қаржылық сауаттылық, стратегиялық ойлау, әлеуметтік маркетинг сияқты басқа да сабақтар бойынша дәріс алды.
Сапалы білім кейбір қатысушыларға өз ҮЕҰ-ын ашуға түрткі болды.
«Мен Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде екінші лек құрамында білім алдым. Маған жаңа білім, қызықты тренерлер мен бағдарлама ұнады. Осылайша мен өз ҮЕҰ-ды ашуға бел будым. 0-ден 7-ге дейінгі жастағы балаларды ерте дамыту аясында ата-аналарға көмек көрсету идеясы қаншалықты маңызды екенін өз тәжірибемнен білемін. Мектептің қолдауымен «Bala Damu Foundation» қоғамдық қорының бас директоры атандым», - деп ағынан жарылды Ақбота Ақбердиева.
ҮЕҰ академиясының тағы бір жұмыс бағыты – «ТоТ – тренерлер үшін тренинг» бағдарламасы болды. Мұндай бағдарламаның қажеттілігі өз тәжірибесін басқа ҮЕҰ-дағы әріптестеріне бере алатын сапалы білім базасы бар жаттықтырушылардың жетіспеушілігінен туындады.
Оқу барысында жаңадан бастап жатқан және бұрыннан істеп жүрген тренерлер өз білімдерін айтарлықтай толықтырды. Бағдарламаға тренердің дағдылары мен міндеттері, тренинг құрылымы мен әмбебап құралдар сияқты тағы басқа машықтарды үйрену кірді.
42 қатысушы 34 тренингтен тұратын оқудан өтіп, франчайзинг, ақпараттық технологиялар, еріктілік, есеп жазу және де тағы басқа бағыттар бойынша өздерінің авторлық бағдарламаларын дайындады.
«Мен ТОТ-та оқу кезінде алған білімімді ерекше балаларды тәрбиелейтін әйелдерді оқытуға арналған «Мама Про» қоғамдық қоры жұмысында пайдаланып жатырмын. Цифрлық сауаттылық бойынша 2 тренинг және Canva-да презентация құру бойынша 1 тренинг өткіздім. Онда мен Mentimetr мен топты алып жүру бойынша білімімді қолдандым», - деді Айсұлу Аргунова.
Сонымен қатар, қоғам өкілдеріне онлайн оқуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірленді. Онда білім беру курсының 8 модулі, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша 5 модуль, түрлі әлеуметтік тақырыптарға арналған 100-ден астам қысқа сабақ бар.
«Біраз адамды қамтыған көлемді жобаны жүзеге асыра алғанымыз үшін қуаныштымыз. Жоба нәтижесі өте жақсы. Мысалға, бұған дейін Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде білім алғандар саны 29 пайыз болса, кейін ол 2 есеге артып 63 пайызды құрады. Білім беру компоненті бойынша дайындалған қатысушылар деңгейі 30 пайызға дейін артты», - дейді «ҮЕҰ академиясы» жобасының жетекшісі Ирина Вигосвская.
Өз ісін асқан шыдамдылық пен үлкен құлшыныспен атқарып, қатысушыларға бәрін тәптіштеп түсіндіріп, ұсынымдар берген жоба тренерлері ерекше құрметке ие.
«ҮЕҰ академиясы» жобасы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауы арқылы жүзеге асқанын естеріңізге сала кетейік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944141-ueu-akademiyasy-2021-zylgy-mausymdy-qorytyndylady/