Коронавирустың жаңа штамы теңгеге қалай әсер етеді
Жарияланған күні:
Оңтүстік Африка Республикасында коронавирустың жаңа штамының пайда болуы туралы жаңалықтар әлемдік қаржы нарығына едәуір әсер етті. Қазақстанның ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры дамушы елдердің энергия тасымалдаушылары мен валюталары нарығындағы ахуалдың дамуы туралы айтып берді, деп хабарлайды Ұлттық банк сайты.
Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штамының табылуы және бірқатар елдің әуе қатынасына тыйым салуы өткен жұмада мұнай бағасына, акцияларға және дамушы елдердің валюталарына баға белгілеуді төмендетті.
Оңтүстік Африканың штамы ғалымдардың назарына үш күн бұрын ғана түссе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алаңдаушылығын туғызды. Ұлыбритания, Сингапур, Австрия, Израиль, Гонконг жаңа штамның анықталуына байланысты ОАР-дан рейстерді уақытша тоқтатқан алғашқы елдердің қатарында болды.
Еуропалық комиссия бүкіл Еуропалық Одаққа ұқсас ұсыныс дайындап жатыр. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптаның дүйсенбісінен бастап Еуропаның үш елінде коронавирус жұқтыру деңгейі күрт өсуіне байланысты локдаун қолданыла бастады.
Жаңа шектеу шараларының жаппай ықтимал енгізілуіне байланысты отынға деген сұраныстың күрт төмендеуіне қатысты қауіптену салдарынан Брент сұрыпты мұнай бір баррель үшін 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін 11,6%-ға құлдырады. Мұнай нарығы АҚШ пен отынды тұтынушы – басқа елдердің стратегиялық резервтерден мұнайды сату бойынша келісілген іс-қимылынан кейін қысымда болды, алайда коронавирустық жағдайдың айқын нашарлауы баға белгілеудің құлдырауына әкелді.
Инвесторлар сентиментінің күрт нашарлауы және қаржы нарықтарындағы кейінгі тәуекелдер акция нарығын да айналып өтпеді. Жұмада Eurostox 50 акцияларының еуропалық индексі 4,8%-ға, Nikkei жапон индексі 2,5%-ға құлдырады, S&P 500 Америка индексі 2,3%-ға төмендеп жабылды.
Жоғары құбылмалылық және коронавирустың жаңа штамымен байланысты тәуекелдер АҚШ доллары мен басқа қорғаныш валюталарының одан әрі нығаюын қолдайды. Еліміздің негізгі сауда әріптесі Ресей рублінің бағамы жұманың қорытындысы бойынша, мұнай бағасының құлдырауы мен Украина төңірегіндегі геосаяси белгісіздіктің өсуі салдарынан бір доллар үшін 74,6 рубльден 75,6 рубльге дейін 1,2%-ға әлсіреді.
Жалпы алғанда, қарашаның басынан бастап дамушы елдердің валюта индексі 4,6%-ға төмендеді, ал АҚШ долларының DXY индексі дамыған елдердің валюталарына қарағанда 2,1%-ға нығайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944427-koronavirustyn-zana-stamy-tengege-qalai-aser-etedi/