Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талғардағы 4 жасар қыздың өлімі: Туыстары мен балабақша қызметкерлері мән-жайды айтты (видео)

Жарияланған күні:

бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысындағы жекеменшік балабақшада 4 жасар бүлдіршін көз жұмды. Полиция департаменті тексеру кезінде қыз баланың тамағынан ойыншық зат табылғанын хабарлады. Марқұмның жақындары бұған балабақша қызметкерлерін кінәлайды. Олар тәрбиешілердің салғырттығынан баламыз тұншығып қалды деген ойда деп хабарлайды Астана арнасы.

Қайғылы жағдай Талғар ауданындағы балабақшада болған. 4 жастағы бүлдіршін түскі астан кейін ұйқыға жатып сол күйі оянбапты. Мекеме қызметкерлері бірден жедел-жәрдем шақырып баланың ата-анасына хабар берген. Жақындары жанұшыра жеткенімен қыз баланы ажалдан арашалау мүмкін болмаған.

Сот-медициналық сараптама барысында тамағынан пластмасса ойыншық табылған. Қайғыдан қан жұтқан әкесі қызының қазасын тәрбиешілердің салғырттығынан дейді.

"Біз үйден алып барған жоқпыз ол ойыншықты. Бізде жоқ ол ойыншық. Бала өзімен алып келсін, әкетпесін, ол таңертең кететін бала ол түстен кейін аузына салатын жағдай. Күні бойы жүретіндей нәрсе емес. Не ойлайтынымызды да білмейміз қазір", – дейді марқұмның әкесі.

Қара жамылған отбасы мұнан басқа ақпарат берген жоқ. Ал балабақша басшысы мекемеде ондай ойыншық жоқ екенін айтты. Әрі бұл қайғылы жағдай бала ұйқыдан тұрған соң болды дейді.

"Оянған уақытында барып көргенімде ойнап отырған дейді тәрбиешісі. Сосын апай деп басқа бала шақырды соған барса, жаңағыдай жағдай боп жатыр екен. Ондай ойыншық жоқ. Тек қана конструктор, бизибордтар", – дейді балабақша басшысы.

Бүлдіршін бұл балабақшаға былтыр келген. Тәрбиешісі – тәжірибелі маман, дейді мекеме басшысы. 2015 жылы ашылған мектепке дейінгі мекемеде қазір 100 бала бар. Әр топқа бір тәрбиеші мен бір көмекші бөлінген. Ата-аналар осы қайғылы оқиғадан кейін балаларымызды әкелуге қорқып қалдық деп отыр.

"Үлкен қызым қазір екінші сыныпта оқиды. Осы балабақшада тәрбиеленіп, қанат қаққан. Одан кейінгі қызым кеше қайтыс болып кеткен қызбен бірге бір топқа баратын. Қызым бір жылап келіп, шағым айтпады ешқандай. Қыздарымның бәрі осында", – дейді ата-аналардың бірі.

4 жасар бүлдіршіннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Полиция Департаменті марқұмның тамағынан пластмасса заттың табылғанын растап отыр.

Ал балабақша қазір жабық. Жұмысын уақытша тоқтатқан. Мекеме өкілінің айтуынша, қара жамылған отбасының тағы бір қызы осы бақшаға барады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944535-talgarda-balabaqsadagy-qyzdyn-olimi-man-zaidy-tuystary-men-balabaqsa-qyzmetkerleri-aitty-video/