Гонконгта COVID-19 жаңа штамын жұқтырудың 2 жағдайы анықталды
Жарияланған күні:
Оңтүстік Африка мен Ботсванада табылған жаңа COVID-19 штамын жұқтырудың екі жағдайы Гонконгтағы карантиндік қонақүйде анықталды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Ауру жұқтырғандардың екеуі де Гонконгқа шетелден келгеннен кейін карантиннен өтетін Regal Airport қонақүйінде болған. Олар бесінші қабатта бір-біріне қарама-қарсы бөлмелерде тұрған. Бірінші науқас Гонконгқа Оңтүстік Африкадан 11 қарашада келіп, сол күні қонақүйге орналасқан. 13 қарашада одан алынған тест оң нәтиже көрсетіп, 14 қарашада ауруханаға жатқызылды.
Екінші жұқтырған науқас Гонконгқа 10 қарашада келіп, сол күні карантиндік қонақүйге орналасқан. Одан 12 және 14 қарашада алынған тест теріс нәтиже көрсеткен, бірақ 18 қарашада оң нәтиже көрсетіп, дереу ауруханаға жіберілді.
Кейінірек 11-14 қараша аралығында екі бөлменің сол және оң жағындағы үш бөлмеде тоқтаған 12 адам Penny's Bay карантин орталығында қосымша міндетті екі апталық карантиннен өтуі керек екендігі белгілі болды.
Денсаулық сақтау департаменті Гонконг университетінің геномдық секвенциясы екі науқастың да жақында Оңтүстік Африка мен Ботсванада табылған В.1.1.529 нұсқасын жұқтырғанын растағанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұдан бұрын Ұлыбритания ғалымдары Ботсванада 32 мутациядан тұратын коронавирус штаммы пайда болғанын ескерткен болатын. Көптеген мутациялар оның жоғары берілу қабілетін және вакциналарға төзімділігін көрсетеді, штамм басқа COVID-19 нұсқаларына қарағанда көп өзгерістерге ие.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944569-gonkongta-covid-19-zana-stamyn-zuqtyrudyn-2-zagdaiy-anyqtaldy/