Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният КВИ-ге қарсы жасөспірімдер вакцинациясына қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Sultankyzy Channel
Фото: Youtube/Sultankyzy Channel

Қазақстанның Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жасөспірімдерді КВИ-ге қарсы вакцинациялауға қатысты пікірін айтып, ата-аналарды бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырды. Журналист Ләйлә Сұлтанқызына тікелей эфирде cұхбат берген ол 12 жастан аcқан балаларға салынатын Phizer вакцинасы бойынша көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Сұхбатқа вице-министрден басқа, вакцинаны балаларына салдыруға күмәнданып жүрген үш баланың анасы Смаилова Индира есімді қарапайым ана да қатысқан. Ол өзін толғандыратын мәселелерді көтеріп, вакцинаның сақталуы, оны салдырғаннан кейінгі қауіптер жөнінде маманнан тиісті жауап ала алды.

Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, өзі де, жақындары, оның ішінде балалары да COVID-ке қарсы екпе салдырған. Сондықтан ол көңілінде күдігі бар қазақстандық ата-аналарды ойланып, шешім қабылдауға шақырып отыр. «Балалар ауырады да тұрады, деп жеңіл көзқараспен қарауға болмайды», - деді ол. Бұдан бөлек, дәрігер ата-аналарға коронавирус инфекциясының да бала ағзасына тигізер қаупін еске салды.

«Сіздер балалар үшін шешім қабылдайсыздар. Сондықтан шешімді дұрыс қабылдаңыздар. Бұл балалардың денсаулығы үшін. Мен сіздерге статистиканы айта кетейін, бүгінгі таңда 15 мың бала КВИ-дің орта ауыр және ауыр түрінен ем алды. 44 бала жеңіл түрінен емделіп кетіп, екі үш айдан кейін Кавасаки тәрізді синдроммен немесе мультиқабыну синдромдармен ауырып, әр түрлі асқынулармен түсіп жатыр. Ол жаңа вирус болғандықтан, бүкіл органдар мен жүйелерді қабындырады. Оның ертең қалай боларын ешкім білмейді», - деп түсіндірді ол.

Маманның сөзінше, осы уақытқа дейін 25 мың аяғы ауыр әйел арнайы COVID бөлімшелерінде емделіп шыққан. Вице-министр КВИ-ге қарсы вакцина өсіп келе жатқан бала ағзасына болашақта қандай да бір әсер етуі мүмкін бе деген сұраққа да жауап берді. Ол осыған дейін жүргізілген зерттеулер мен сынамалардың нәтижесі бойынша дүниежүзі ғалымдарының тұжырымдамасын алға тартты.

«Бұл вакцинаға үш сатымен клиникалық зерттеулер жүргізілген. Оған 2200 бала қатысқан. Солардың тұжырымдамасына сүйене отырып, барлық тұрғыдан жан-жақты тексеріліп, ДСҰ секілді беделді ұйымда тіркелгенін ескеріп отырмыз. Онда тіркелу үшін, білесіздер, вакцина 2-3 мәрте тексеруден өтеді. Әлемдегі көзі ашық, алдыңғы қатарлы елдер балаларға 5 жастан бастап вакцина салып жатыр. Өзге мемлекеттерде балаларға 2-3 ай бұрын екпе жасала бастады. Сондағы барлық мәліметтерді қарап, ғылыми тұрғыда клиникалық зереттеулерді назарға алып отырмыз», - дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, Файзер вакцинасының құрамында не адамның, не жануардың, не вирустың ешқандай бөлігі жоқ.

«Бұл жаңа технология арқылы жасалған вакцина. Құрамында рибонуклеид қышқылы бар. Ол ағзаға кіргеннен кейін, антиденелерге тап болады да, қышқыл ағзадан шығарылып, антиденелер, яғни иммунитет қалыптасады», - дейді маман.

Вице-министр вакцинаның тасымалдану және сақталу стандарттары бойынша арнайы шаралар қолға алынғанынан да хабардар етті. Оның берген ақпаратына сай, қазіргі таңда барлық облыстарға вакцинаны сақтауға арналған арнайы тоңазытқыштар алынып, мектептер мен тиісті мекемелерде вакцинациялауды ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылып жатыр.

Сұхбат кезінде қандай балаларға Phizer-ді салуға болмайды деген мәселе де қамтылды. Мәселен, созылмалы немесе жедел аурулармен ауырған, сондай-ақ, вакцина компоненттеріне аллергиясы бар балаларға екпе салынбау немесе кейінге шегерілуі туралы шешім қабылдануы мүмкін. Кез келген жеке балаға қатысты мұндай шешім міндетті түрде дәрігердің қатысуымен ғана шешіледі, дейді ол.

Одан бөлек, министрлік өкілі, дүниежүзінде КВИ-ге қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда, балаларға КВИ-ге қарсы ревакцинация жүргізілмеуі мүмкін екенін еске салды.

Ғинияттың айтуынша, 12 жастан асқан балаларды Phizer-мен вакцинациялау кезінде ешкім ата-ананы мәжбүрлемеуі тиіс. Заң бойынша, әр ата-ана баласына вакцина салу-салмау туралы шешімді тек қана өзі қабылдайды. Бұл ретте балаларға Ashyq секілді жүйелерді қолдану жоспарда жоқ, деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944576-densaulyq-saqtau-vice-ministi-azar-giniyat-kvi-ge-qarsy-zasospirimder-vakcinaciyasyna-qatysty-pikir-bildirdi/