Қызылордалық оқушылар ғылыми жобада 2 қола, 3 күміс медальды иеленді
Жарияланған күні:
Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткен ғылыми жобалар сайысында қызылордалық озат оқушылар екі қола және үш күміс медальға ие болды. Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 300-ге жуық оқушысы қатысқан байқауға 264 жоба ұсынылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жоба жетекшісі әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мира Дөненхожаева хабарлады.
«Ғылыми жобалар 4 бағытты қамтыды. Өңіріндегі NIS командасы бұл сайыста 12 зерттеу жұмысын таныстырып, ғалымдардың жоғары бағасын алды. 9 сынып оқушысы Арайлым Әшірмет жастардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыруға арналған «Сенің “кітап сөрең”» атты онлайн платформа жасады.
Әдеби сайтта өзі оқыған сүйікті кітаптарының мазмұнына сүйене отырып көлемді шығармалармен танысуға мүмкіндік беретін мультимедиялық лонгридтер әзірленіп, ұсынылған. Химия секциясында 12 сыныптың оқушысы Зарина Айсауытова өз ғылыми жаңалығын таныстырды.
Ол кальций силикатының золін вакуммда өңдеу және оның мыс катиондарын сорбциялау қасиетін зерттеу арқылы өндірістік суларды тазалаудың тиімді әдісін ұсынды. Жоғарыда аталған барлық оқушылардың жұмыстары байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылып, жүлделі 2 орынмен марапатталды. Білім додасында қола медалін иеленгендер – Бәйдібек Мұсаев пен Ляззат Өтеп.
Бірі полиэтилентерефлатат қалдықтарының бұзылуы арқылы бис-2-гидроксиэтилтерефлатат алуды зерттесе, енді бірі қазіргі жастар прозасының даму деңгейін талдау арқылы жасөспірімдерді қызықтыратын қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың тізімін жіктеді», - деді жоба жетекшісі Мира Дөненхожаева.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945189-qyzylordalyq-oqusylar-gylymi-zobada-2-qola-3-kumis-medaldy-ielendi/