2021 жылы ел тұрғындарының өміріне әсер еткен ең басты 10 оқиға
Жарияланған күні:
Әлем жұртшылығы пандемияның тағы бір жылын артқа тастады. 2021 жылдың ең басты тарихи оқиғасы - дүниежүзі қауымдастығы коронавирус құрсауынан құтылудың жолы деп қарастырған жаппай вакциналау қолға алынды. Биыл қазақстандықтардың өмірінде де елеулі өзгерістер орын алды. KAZ.NUR.KZ порталы әдеттегідей жылды қортындылап, еліміздің 2021 жылды қалай өткергені жөнінде баяндайды.
Зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін алуға рұқсат етілді
Елімізде 2021 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға рұқсат етілді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін 700 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алатыны айтылды. Зейнетақы жинағының бір бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін алуға рұқсат бар.
Халықты жаппай вакциналау басталды
Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу басталды. Қазіргі таңда 8 млн 360 мыңға жуық азамат елімізде тіркелген вакциналардың екі компонентін де салдырды.
Қазақстандық QazVac вакцинасын халыққа егу басталды
Елімізде 26 сәуірден бастап ресми түрде отандық QazVac вакцинасын халыққа егу басталды. Осылайша Қазақстан әлемде Сovid-19 індетіне қарсы өз вакцинасын әзірлеп, өндіріске шығарған елдердің санатына қосылды. Күні кешеге дейін Денсаулық сақтау министрі болған Алексей Цой Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емханада алғашқылардың бірі болып QazVac вакцинасын салдырды.
Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың жабылатыны хабарланды
Мамыр айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2021 және 2022 жылдары "Баспана хит" пен "7-20-25" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылатынын мәлімдеді.
Еске салсақ, "Баспана хит" бағдарламасы арқылы азаматтар екінші нарықтан жылдық 10,75 пайызбен, 20 пайыз көлемде алғашқы төлем жасау арқылы 15 жылға дейін тұрғын үй ипотекасын рәсімдей алатын. Ал "7-20-25" арқылы ел тұрғындарына жылдық 7 пайыз, алғашқы жарна 20 пайызбен, 25 жылға дейін ипотека алу мүмкіндігі ұсынылып келді.
Қуаңшылық, төтенше жағдай және министрдің отставкаға кетуі
Жазда Қазақстанның бірнеше өңірінде жауын жаумай, жер құрғап, қуаңшылық болды. Маңғыстау мен Қызылорда облысында мал қырылды. Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жер-жерден еріктілер жем-шөп жинап, зардап шеккен өңірлерге жөнелтті. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберді.
Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болды
26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккені, үш кісінің хабар-ошарсыз кеткені хабарланды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететіні туралы өтініш беретінін мәлімдеді. 29 тамыз – елімізде Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні болып жарияланды.
Ел бойынша оқушылар дәстүрлі форматта оқи бастады
Қыркүйекте қазақстандық оқушылар бір жарым жыл үзілістен соң мектепке келді. 1-сынып оқушылары үшін "Әліппе" мен "Ана тілі" оқулығы қайта оралды. Бұл оқулықтар 1 қыркүйек күні балаларға салтанатты түрде табысталды. Алғашқы қоңырауға тек 1-сынып оқушылары қатысты.
Pfizer компаниясының вакцинасы елге жеткізілді
10 қарашада Қазақстан COVID-19-ға қарсы Pfizer вакцинасының алғашқы партиясын алды. Қол қойылған келісім аясында Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 млн 230 мың дозасы сатып алынды.
Comirnaty – американдық Pfizer компаниясы мен Германияның BioNTech технологиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вакцинаның (мРНҚ) сауда атауы. Бұл Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина. Әзірге ол жүкті және емізулі баласы бар әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға тегін салынуда.
Зейнетақы қорынан алуға болатын соманың жеткіліктілік шегі артты
Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы жинағын шешуге арналған жеткіліктілік шегі артатыны белгілі болды. Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Бұл шешімге әлеуметтік желі қолданушылары наразылық білдірді. Президент зейнетақы қорындағы қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қызметінен кетті
Бір жарым жыл еліміздің денсаулық саласын басқарған Алексей Цой қызметінен кетті. Мемлекет басшысы Алексей Цойды денсаулық сақтау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Өз отставкасы туралы министр Facebook парақшасында пікір білдірді. "Бүгін менің азаматтық секторға ауысу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешімім қолдау тапты", – деп жазды Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947655-2021-zyly-el-turgyndarynyn-omirine-aser-etken-en-basty-10-oqiga/