Елордада бауырының 70 пайызын ағасына еш ойланбастан бөліп берген қыз бұл қадамға не үшін барғанын айтты
Жарияланған күні:
Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы дәрігерлері бауыр трансплантациясын жасады. Бұл жолы 27 жастағы Робия туған ағасына бауырының 70 пайызын бөліп берді. Жақынының өмірі үшін батыл қадамға барған ару мен операцияны жасаған білікті хирург-трансплантолог Жамиля Сапарбай KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.
Робия туған ағасы бауыр циррозына шалдығып, оның емі тек трансплантация екенін естігенде еш ойланбастан өз бауырын бөліп беру туралы шешім қабылдаған. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық дәрігері донор болған аруды батыр қыз деп есептейді.
"Әлемде донор органдарының жетіспеушілігі байқалады. Батыс елдерінде қайтыс болған адам донорлығы жиі кездеседі, ал бізде ондай донор жоқтың қасы. Кез келген донор батыр. Біз осылай айтамыз. Өйткені тәні сау адамға жақыны үшін операцияға баруға шешім қабылдау батырлықты қажет етеді", - дейді орталық дәрігері Жамиля Сапарбай.
Ауыр отаны өз жауапкершілігіне алған хирург-трансплантолог, PhD Жамиля Сапарбай Робияның операциясы таңғы сағат 8-ден түскі 14.30- ға дейін жалғасқанын айтады. Бауыр ауыстыру операциясына дейін Робия толық медициналық тексерістен өткен.
"Операцияға дайындық стандартты түрде өтті. Донор ретінде ол жалпы клиникалық анализдермен қатар инфекцияға анализдер тапсырды, сондай-ақ бауыр көлемін анықтау үшін компьютерлік томографияға, өт жолдарын анықтау үшін холангиография МРТ-на түсті", - дейді хирург-трансплантолог.
Дәрігер мұның бәрі донордың қауіпсіз екенін тексеру үшін және донордың өзінде қалатын бауырдың бөлігі мен реципиентке беретін бауыр көлемін анықтау үшін жасалатынын атап өтті
Жамиля Жұмабекқызы трансплантацияның сәтті аяқталуы туралы айтуға уақыт керек екенін алға тартады.
"Операциядан кейінгі екі апта науқас үшін қауіпті кезең. Бұл уақытта түрлі асқыну орын алуы мүмкін. Тромбоз, қан кету, жаңа органды ағзаның қабылдамауы сияқты тәуекелдер шығуы ықтимал. Ал трансплантация сәтті өткені туралы сөз науқас үйіне жіберілген кезде айтылады. Тіпті одан кейін де науқас бақылауда болады. Өйткені органның ағзаға қабылданбауы бір ай өткен соң да болу мүмкіндігі жоқ емес. Бұл кезең 1-3 айға созылады", - дейді хирург-трансплантолог.
Дәрігердің сөзінше, бауыр доноры болған адам стационарда 1 айдай уақыт жатады.
"Робияның жағдайында ол операцияға дейін бір апта, одан кейін екі апта, жалпы үш апта стационарда болды. Қазір үйіне шығарылды. Енді оған алты ай көлемінде физикалық күш түсіруге, ауыр зат көтеруге болмайды", - дейді Жамиля Сапарбай.
KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Робияның өзі осындай батыл қадамға не түрткі болғанын, шешім қабылдағанда қандай сезімде болғанын айтуды жөн санады.
"Орган ауыстыру ағамды аман алып қалудың жалғыз жолы болды. Мен ойланбастан оған өз бауырымды ұсындым. Ал нақты шешім қабылдаған кезімде өз өмірім үшін қорықтым, денсаулығыма қатты алаңдадым. Өйткені отбасым, бір жастағы қызым бар. Қызым анасыз қала ма деген қорқыныш басым болды, мүгедектіктен де қорықтым. Бірақ дәрігерлер маған операциядан кейін ештеңе болмайтынына 100 пайыз кепілдік берді, ал қайта қалпыма келуге үш ай кетеді дегенді естіп қорқынышым басылды. Олар мені толық медициналық тексерістен өткізді, анализдер, УДЗ жасады. Содан кейін мен операцияға сенімді болып бардым. Мен өз ағамды тағдырдың тезіне тастағым келмеді. Екеуміздің қанымыз бір, ол менің туғаным. Ол өте жас, бес баласы бар. Қуанышқа орай операция жақсы жасалды. Мен дәрігерлерге ризамын, олар менің ағамның өмірін сақтап қалды, бізбен 24 сағат бірге болды", - дейді Робия.
Донор қазір өзін жақсы сезінетінін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948185-elordada-bauyrynyn-70-paiyzyn-agasyna-es-oilanbastan-bolip-bergen-qyz-bul-qadamga-ne-usin-barganyn-aitty/