Белгілі журналист Құрмет Талапқазыға үй сатып алатын қаржының толық жиналғанын сүйіншіледі
Жарияланған күні:
Журналист Мақсат Толықбай жаз бойы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге шөп жөнелткен ерікті Құрмет Талапқазыға баспана сыйлауға қажетті қаражаттың толық жиналғанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мақсат Толықбай Құрмет Талапқазының Шымкентте пәтер жалдап тұратынын, ата-анасы мен туған аға-бауырларының бәрі Қытайда екенін айтып, үй алып беру бастамасын көтерген еді.
Журналистің ұсынысы жерде қалмай, бүгінде 9 миллион теңгеден астам қаражаттың басы құралған. Одан бөлек, елден жиналған ақшаның үстіне дәл сол соманы белгілі меценат Дулат Тастекей де бермек ниетте екен.
"Екі жарым күннің ішінде біз ойлағаннан артық қаржы жиналды. Осымен Құрмет бауырымызға ақша жинау тоқтатылады. "Көп түкірсе - көл" деген. Әлеуметтік желілердегі топтарға ерекше алғыс айтамын. Қадірлі ағайын, бұйырса, сіздердің арқаларыңызда қазақтың бір баласы жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алады", - деп жазды Мақсат Толықбай Facebook-тегі парақшасында.
Оның сөзінше, Дулат Тастекей Алматыда 9 миллион теңгенің сертификатын өз атынан табыстайды.
"Дүйсенбі күні Шымкентке барып, Құрметпен бірге үй іздейміз. Ағайын, жасаған сауаптарыңыз өздеріңізге мың еселеніп қайтсын", - деп қосты Мақсат Толықбай.
Айта кетейік, осыған дейін Құрмет Талапқазыға Білім министрінің қолдауымен жақында ғана Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде тегін оқу құқығы берілді.
Сонымен бірге, Құрмет Талапқазыны Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те марапаттаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948555-belgili-zurnalist-qurmet-talapqazyga-ui-satyp-alatyn-qarzynyn-tolyq-zinalganyn-suiinsiledi/