Атырауда әкімдік алдында дрифт жасаған жүргізушілер жазаланды (видео)
Жарияланған күні:
Атырау қаласы әкімдігінің алдында дрифт жасаған алты көлік жүргізушісі жазаланды. Жүргізушілердің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды Атырау облыстық полиция департаменті Instagram-дағы ресми парақшасында.
25 желтоқсан күні сағат 01:54 шамасында жедел басқару орталығының қызметкерлері қызмет барысында қалалық әкімдік ғимараты алдында бірнеше көліктердің түрлі қозғалыс жасап, дрифт элементтерін орындағанын және бұл әрекетімен айналаға қауіп төндіріп жатқанын байқап қалған.
Сөйтіп, аталған жерге патрульдік полиция экипаждарын жіберген.
Нәтижесінде 3 автокөлік айыптұраққа жеткізіліп, көлік жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Оларға қатысты әкімшілік кодекстің 595-бабының 1-бөлігі бойынша (Маневр жасау қағидаларын бұзу) әкімшілік іс қозғалып, әрқайсысына 14 585 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Дәл осындай жағдай 26 желтоқсан күні сағат 22:13 шамасында тағы қайталанған. Әкімдік ғимаратының алдында "BMW" маркалы үш көлік дрифт жасаған.
Оны да Жедел басқару орталығының кезекші қызметкерлері байқап қалған. Патрульдік полицейлер тексеріс кезінде үш көліктің біреуі тіпті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүргенін анықтаған.
Полиция BMW маркалы екі көліктің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1 бөлігі бойынша (Маневр жасау қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырып, әрқайсысына 14 585 теңге көлемінде айыппұл салған.
Ал мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген тағы бір көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік кодекстің 595-бабының 1-бөлігі (Маневр жасау қағидаларын бұзу) және 590-бабының 5-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948912-atyrauda-akimdik-aldynda-drift-zasagan-zurgizusiler-zazalandy-video/