Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Анасын 54 жылдан кейін көрді": Бір жасында шешесінен көз жазып қалған тұрғын жарты ғасырдан соң анасын тапты

Опубликовано:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: pixabay

Ағасының ерекше тағдырын сөз еткен Алматы тұрғыны KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Өзін Айна Мырзағұлова (сұхбат берушінің өтінішімен есімі өзгертілді – ред.) деп таныстырған әйел бір жасында анасынан ажырап, арада елу жыл өткенде туған шешесін алғаш көрген ағасының шым-шытырық тағдырын сөз етті. Айнаның бұл оқиғаны баяндауына қоғамдағы қазіргі жағдайлар себеп болған.

"Ағам Болат кішкентай күнінен әжесінің қолында өскен. Көп жылдардан бері анасын өлдіге санап келді. Біз де солай ойладық. Ағам бір жасқа толғанда анасын туған әкесі өзге бай адамға қалың мал үшін тұрмысқа беріп жіберіпті. Болаттың анасы көпбалалы және жағдайы төмендеу отбасында өскен екен.

Көп жоқшылық көрген нағашы атасы басқа балаларының жағдайын жасау үшін осы қызын құрбан етсе керек. Бірақ біздің әкемізден, бір жасар баладан ажыратып, басқаға тұрмысқа беру үшін қандай жүрек керектігін білмеймін. Болаттың әкесі әйелінен айырылған соң, біздің анамызға үйленді. Біраз жылдардан кейін ағамды қолға алып тұрдық. Яғни, біздің анамыз бөлек те, әкеміз бір", - дейді Айна

Жылдар өте келе Болат өмірлік жарын тауып, балалы-шағалы болған. Кейін ұлы үйленгенде көптен хабарсыз кеткен өзінің нағашы жұртын тойға шақырады. 2013 жылы ол өзінң анасының әлі күнге дейін тірі екенін естиді.

"Анасының тірі екенін естігенде, ағам қатты жылады. Жарты ғасыр көрмеген анасын қалай кешірерін білмеді. Осы уақытқа дейін өзін бір рет те іздемегеніне күйінді. Кеудесінде қатты реніш пен өкпе жиналғанын жасырмай айтты маған. Елу төрт жыл бойы баласынан хабарсыз болған ананың да жаны ауырады, әрине. Кезінде әкесінің қалың мал үшін отбасын ойрандатып, бір жасар баласынан ажыратқаны ананың да жүрегін кескілегені анық.

Туған шешесінің қасында болмай, мейірімін сезінбей өскен ағама да онымен араласу қиын болды. Алайда, өкпе-ренішті жеңіп, анасымен қарым-қатынасын дұрыстады. Қазіргі таңда баласын тастап кетіп жатқан аналар көп. Бұл жағдай өте өкінішті. Анасынан тірідей айырылған баланың тағдыры да оңай болмайды. Сондықтан, баланың анасыз өспеуін тілеймін" - дейді ол.

Болаттың анасы Түркістан облысында тұрады. Ол 54 жыл бойы көз жазып қалған ұлымен бүгінге дейін араласады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949070-anasyn-54-zyldan-keiin-kordi-bir-zasynda-sesesinen-koz-zazyp-qalgan-turgyn-zarty-gasyrdan-son-anasyn-tapty/

pixel