RU

Еліміздің бас мүфтиі жаппай тәртіпсіздік кезінде ерлікпен қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты (видео)

Наурызбай қажы Тағанұлы
Наурызбай қажы Тағанұлы. Фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы - бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде ерлікпен қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды muftyat.kz.

"Құрметті отандастар! Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздігімізге қатер төнген сын сағатта шұғыл шешім қабылдап әрі батыл қадамға барып, содырлардың озбырлық әрекетінен елімізді аман алып қалды. Аллаға шексіз шүкір айтамыз.

Жаратушы Жаббар Иеміз Отан алдындағы борышын өтеу кезінде опат болған сарбаздарымызды мейіріміне бөлеп, иманын өзіне серік еткей. Марқұмдардың туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Ал жарақат алған жандардың тез арада сауығып кетуін тілейміз.

Ендігі мақсат – елдігімізді көрсетіп, халық болып, президентіміздің бастамаларына қолдау көрсетіп, ынтымағы мығым жұрт екенімізді тағы да әлемдік қауымдастық алдында паш ету. Елдігімізді көрсетіп, еңсемізді түсірмейік. Бірлігі мықты еліміздің тәуелсіздігіне ешкім де нұқсан келтіре алмайды. Біз - біргеміз!

Алла Тағала елімізге  амандық, халқымызға тыныштық нәсіп етіп, тәуелсіздігімізді баянды еткей. Әмин!", - дейді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950203-elimizdin-bas-muftii-zappai-tartipsizdik-kezinde-erlikpen-qaza-tapqandardyn-otbasyna-konil-aitty-video/