Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: Кез келген дін әрқашан саясаттан тыс болды

Жарияланған күні:

Бас мүфти
Фото: muftyat.kz

Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Русьтің аса құрметті Патриархы Кириллдің тезистеріне қатысты пікір білдіріп, кез келген дін әрқашан саясаттан тыс болғанына баса назар аударды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Ең алдымен, Мемлекет басшыларына, дін және қоғам қайраткерлеріне осы қиын-қыстау күндерде Қазақстан халқына қолдау білдіргендері үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Біздің еліміз жаңа қиындықтарға тап болды, бірақ Президентіміздің даналығының арқасында біз осы күрделі оқиғалардан аман-есен өттік.

Сонымен қатар, Мәскеу және бүкіл Русьтің аса құрметті Патриархы Кириллдің үш қисынсыз тезисіне ерекше назар аударғым келеді.

Біріншіден, болған оқиғалар азаматтық қақтығысқа алып келген жоқ. Бұл бірқатар өңірлерде өткен бейбіт митингілер болды, кейіннен оларды ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер ресми түрде мойындаған ішкі және сыртқы деструктивті күштер пайдаланды.

Екіншіден, Қазақстан тұтастай алғанда ешқашан тарихи Русьтің аумағына кірген емес. Тарихи фактілерді, оның ішінде Исламның қазақ даласында таралуы 751 жылы басталғанын естеріңізге салғым келеді.

960 жылы Ислам Қараханидтер кезінде қазіргі Қазақстан аумағында мемлекеттік дін ретінде танылды, ал Русьтің шоқынуы осы оқиғадан 28 жыл өткен соң 988 жылы өтті. Жалпыға бірдей танылған тарихи фактілер қазіргі Ресей аумағында Ислам одан да ертерек 922 жылы, яғни Алмуш Хан Исламды Еділ Болгариясының мемлекеттік діні деп жариялаған кезде пайда болғанын көрсетеді, бұл қазіргі Татарстанның аумағы.

Үшіншіден, географиялық дәлелдерге сүйене отырып, жанашырлық таныту мүлдем қисынды емес. Әлемнің барлық діндері әрқашан адамдарды нәсіліне, тіліне, мәдениеті мен географиясына қарамастан бағалауға шақырады.

Жалпы, осындай дәрежедегі діни қайраткердің ұстанымы бойынша халықтар арасындағы қарым-қатынастарда алауыздық тудыратын, тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Ресейде де дінге сенушілердің сезімін қозғайтын сөздер айтылмауы тиіс деп пайымдаймын. Негізінен бір күндік саясаткерге ұқсамауымыз керек.

Осындай кездерде бәрімізге төзімділікті, ұқыптылықты, әдептілікті сақтап, бір-бірімізге құрметпен қарау қажет.

Кез келген дін, оның ішінде Ислам және Православие әрқашан саясаттан тыс болды және бейбітшілікке, келісімге және төзімділікке шақырды", - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951015-bas-mufti-nauryzbai-qazy-taganuly-kez-kelgen-din-arqasan-sayasattan-tys-boldy/