"Бұл қазақтың ғана емес, біздің де трагедиямыз": Дүнген диаспорасы қайырымдылық акциясын бастады
Жарияланған күні:
"Дүнген диспасорасы қазақ халқымен бірге!". Осындай ұстанымдағы Қордай ауданы Сортөбе, Масаншы ауылының тұрғындары Алматы қаласы мен Алматы облысындағы халыққа қайырымдылық акциясын бастады. Жаздай картоп пен пияз жинаған дүңген диаспорасы төтенше жағдай кезінде өнімдерін елге жаппай тегін таратып жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
""Вынхуа" дүнген этно-мәдени бірлестігінің кәсіпкерлері, ақсақалдары мен жастары қайырымдылық жұмыстарына белсене атсалысады. Жыл сайын түрлі этнос өкілдеріне 70-100 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетеміз.
Мұқтаж жанұяларға үй сатып алып, жаңадан баспана да салып жатырмыз. Азық-түлікпен, мұқтаж жандарға өзге де материалдық көмек көрсету мақсатымыз. Бұған дейін Арыс, Мақтаарал, Байзақ қалаларына көмек жібердік.
2020 жылдың ақпан айындағы оқиғадан кейін бізге көмектескен аға-әпкелерімізге, еліміздің азаматтарына алғысымыз шексіз", - деді Жамбыл облысы дүнгендері "Вынхуа" этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Айша Идыбо.
Бұзақылар елді тас-талқан еткенде әскерилер мен полиция жол бойына, елдімекендерге тәулік бойы кезекшілікке шыққан еді. Масаншы мен Сөртөбе ауылының тұрғындары тәртіп сақтауға шыққан жігіттердің ыстық тамағын да өз мойындарына алған.
Дүкендер жабылып, елде жаппай тәртіпсіздік басталғанда дүңген диаспорасы Алматының жұртына тонналап азық-түлік жіберген.
"8 қаңтарда Алматыға 2,5 тонна картоп, 2,5 тонна пияз, 400 келі сәбіз жібердік. Бүгін тағы ондаған тонна картоп жібердік, қажет адамдарға өздеріңіз таратып беріңіздер. Еліміз көпұлтты, осынау қасіретті күндерде біз қазақ елімен біргеміз. Біз бір қазақстандықпыз. Бірлік – біздің күшіміз. Біз біргеміз.
Бір-бірімізге көмектесу арқылы біз Қазақстан халқының бірлігін, тыныштығын сақтап ақалмыз. Ассамблеясының қажет екенін және оның шынымен де жұмыс істейтіні осындай сәтте дәлелденеді.
Масаншы ауылының жастары Отар және Қордай бекеттеріндегі 40 әскери мен полиция қызметкеріне 2 мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырды. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Орын алған жағдай қазақ халқының ғана емес, бәрімізге ортақ трагедия", - деді бірлестіктің жетекшісі.
Дүңген диспорасының ауыр жүк көлігімен кезекті рет жіберген ондаған тонна картобы Қапшағай қаласы, Заречный ауылы, Талғар, Іле ауданына қарасты елдімекендердегі мұқтаж жандарға және медреселерге әкімдік пен белсенді жастар арқылы таратылып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951318-bul-qazaqtyn-gana-emes-bizdin-de-tragediyamyz-dungen-diasporasy-qaiyrymdylyq-akciyasyn-bastady/