"Арматурамен ұрды": Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде соққыға жығылған әскерилер сұхбат берді (видео)
Жарияланған күні:
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде мыңнан аса адам зардап шекті. Олардың арасында әскери қызметкерлер де бар. Астана телеарнасына берген сұхбатында жараланған әскери қызметшілер сол қорқынышты күндер жайлы айтып берді.
Оңтүстік астанадағы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендердің бірі - ұлттық ұлан сержанты Диас Сапаралы.
Ол қызметтік борышын өтеу кезінде бандиттердің қолына түскен. Шабуылдаушылар алдымен оған тас атқан содан кейін "дубинкамен" және "монтировкамен" ұрған.
"Бір мезетте мен есімнен танып қалдым. Содан кейін мені бөлімге, лазаретке апарды. Гипс салды. Менің шынтақ буыным сынған. Арқамда, иықтарымда қатты ісіктер болды. Бастапқыда бетім де ісіп жүрді, себебі бетіме де жұдырық жұмсаған еді", - дейді Диас Сапаралы.
Бандиттердің шабуылынан әскери қызметкер Арнұр Заруханов та зардап шеккен. Тәртіпсіздіктердің екінші күні жас жігіт әріптестерімен бірге Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында күзетіп тұрған. Сол кезде шабуылдаушылар оның омыртқа сүйегі мен сол жақ жауырынын сындырған.
"Брусчаткамен", арматурамен ұрды. Басымнан ұрды, бірақ немен ұрғанын білмеймін. Содан кейін есімді жоғалттым. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Адамдар өте агрессивті болды. Тонау, тәртіпсіздік бәрі болды", - дейді Арнұр.
Ресми деректерге сәйкес, Алматыдағы тәртіпсіздіктерден кейін мыңнан астам адам ауруханаға түскен, оның 200-і Ұлттық ұлан жауынгері.
"Бізге негізінен басынан жарақат алғандар көп түсті. Сондай-ақ, қол-аяғы сынғандар, қолы шыққандар да ауруханаға жеткізілді. Одан бөлек, оқ жарақатын алғандар да бар", - дейді Ұлттық ұланның 7552 әскери бөлімінің медицина қызметінің басшысы Марат Айтбаев.
А. Нұртазина
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951825-armaturamen-urdy-almatydagy-tartipsizdikter-kezinde-soqqyga-zygylgan-askeriler-suxbat-berdi-video/