"Газет бетіне жазған": Павлодарлық журналиске сүйіктісі ерекше ұсыныс жасады (фото)
Жарияланған күні:
Павлодар облысындағы "Сарыарқа самалы" газетінің тілшісі Махаббат Төлебайға сүйіктісі тура редакциядағы планерка кезінде тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады, деп жазады Pavlodarnews.kz.
Басылымның жазуынша, редакцияға кіріп, әріптестерінің ортасында гүл шоқтары мен сақина сыйлаған жігіттің әрекеті 22 жастағы журналист үшін тосынсый болған.
"Планеркада біздің холдинг директорының орынбасары Жұмабек Сманов кезекші ретінде маған және менің әріптесім Құндыз Қабылдиноваға газеттің 19-бетін мұқият қарамадыңдар деп ескерту айтты.
Мен қорқып кетіп, мәтінде қандай да бір әріптік қате кеткен болар деп ойладым. Осы бетті ашсам, "Махаббат, өмірлік жарым боласың ба?" деген хабарландыру тұр. Тосынсыйды жасауға менің жігітіме Жұмабек Өркенұлы мен біздің редактор Нұрбол Жайықбаев көмектескен екен", - дейді Махаббат Төлебай.
Бойжеткен басылым бетінен ұсынысты көрген бетте кабинетке оның сүйіктісі бір құшақ гүлін алып кірген. Махаббат тұрмысқа шығуға келісімін берген.
Басылымның мәліметінше, Махаббат Төлебай облыстық "Сарыарқа самалы" газетінде 2021 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істейді. Ол академик Е. Букетов атындағы Қарағанды университетінің түлегі.
Ал оның жігіті Абзал Абдоллаев Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде жұмыс істейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952255-pavlodarlyq-zurnaliske-zinalys-kezinde-erekse-usynys-zasaldy-foto/