Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова "Қазақстан халқына" қорына 1 млрд теңге аударатын болды
Жарияланған күні:
"Сәби" қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы Кеңес Рақышев пен қор президенті әрі негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова "Қазақстан халқына" қорына 1 миллиард теңге аударатын болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы аталған қайырымдылық қордың әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.
"Сәби" қорының құрылтайшылары елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты және оның салдарынан бейбіт тұрғындардың зардап шегіп, бизнес өкілдерінің айтарлықтай шығынға батуына байланысты қиын-қыстау кезеңде Қазақстан халқына көмек көрсету туралы шешім қабылдаған.
"Біз ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқын осынау қиын күндерде қолдау туралы бастамасын құптаймыз. Мұндай жағдайда коммерциялық емес ұйымдар мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегеніміз - Қазақстан халқының әл-ауқаты мен ел болашағы үшін тікелей жауапкершілік", - дейді Кеңес Рақышев.
Айта кетейік, мемлекет басшысының бастамасымен елімізде "Қазақстан халқына" қоры құрылды. Ұйымның баспасөз қызметі хабарлағандай, осыған дейін отандық кәсіпкерлер мен тұрғындар "Қазақстан халқына" қорына 12 миллиард теңгеден аса қаржы аударған.
Аударылған қаржының 10 млрд теңгесі kaspi bank-тен түскен.
Қорға үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен премьер-министр кеңсесінің қызметкерлері, президенті әкімшілігі және басқа да мемлекеттік және жеке ұйымдар бір күндік жалақысын аударған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952269-kenes-raqysev-pen-asel-tasmagambetova-qazaqstan-xalqyna-qoryna-1-milliard-tenge-audaratyn-boldy/