Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәртіпсіздік кезінде әскерилерге тегін тамақ таратқан талдықорғандық қалай жарақат алғанын айтып берді

Жарияланған күні:

Алматы
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Кәсіпкер Дәурен Тәліпов ауруханадан бірнеше күн бұрын шықты. Қазіргі уақытта үйінде емделіп жатыр. Қаңтардың басында Талдықорғанда болған тәртіпсіздіктер кезінде кәсіпкердің игі әрекеті әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бұл туралы толығырақ Дәурен Тәліповтің өзі айтып берді, деп хабарлдай BAQ.KZ

Дәурен Тәліпов 1982 жылдың 25 сәуірінде Алматыда дүниеге келген. Ата-анасы Талдықорғанның тумалары. 

"Алматыда біраз тұрған соң ата-анам Талдықорғанға қайта көшіп келді. Орта мектепті Талдықорғанда тәмамдадым. 2003 жылы Алматыдағы ІІМ академиясын бітірдім. Одан кейін 4 жылдай органда қызмет еттім. 2007 жылы жеке кәсіпкерлікке қара бет бұрдым. Бірнеше жоғары білімім бар. Инженер, заңгер және магистратурада менеджмент пен маркетингті  оқыдым. Алматыда ІІМ академиясынан бөлек Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы мен Ресейдегі халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының түлегімін, - деді ол.

Дәурен Тәліпов - көпбалалы әке. Жұбайы екеуі 5 баланы тәрбиелеп отыр.

Кәсіпкер мейрамхана бизнесіне 2015 жылы келген. 

"2007 жылдан 2015 жылға дейін өзге салада кәсібім болды. 2011 жылдары дүкен мен наубайханалар бағытын меңгердім. Сол кездің өзінде наубайхана арқылы мұқтаж жандарға тегін нан таратып тұрдық. Қайырымдылықты кәсіп бастағалы тоқтатқан емеспіз. Осы жылдары 2 ұлттық сыйлықтың лауреаты атандым. Олар: "Алтын"  және "Жомарт жүрек" сыйлықтары", - дейді кәсіпкер.

Тәліпов ата-анасының тәрбие негізінде үнемі біреуге көмектесу, жәрдемдесу жатқанын айтты.

"Біз КСРО-ның күйрегенін де көрген ұрпақпыз. Жарық болмаған кезеңдерді де бастан кешірдік. Көрші-қолаңнан жарты бөлке нан қарызға сұрап, кейін болғанда қайтаратын кезіміз әлі есімізде. Әке-шешеміз өмірде жақсылық жасауды үйретті. Көршілермен жақсы болуды, олар бірдеңеге мұқтаж болса, сенің де ұйқың тыныш болмауы керек деген ұстанымды  бойымызға сіңірді. Мысалы, әкем осындай игі істерді жасап маған үлгі болды. Жолда біреудің көлігі сынып қалса да, оған тоқтап, көмек беретін. Сол тәрбие бойға әбден сіңген, біреудің басына іс түссе, өзміз де сабырдан айырыламыз", - деді ол.

Дәурен Тәліпов тәртіпсіздік кезеңінде әскери қызметшілердің маңызды әкімшілік ғимараттарын қорғау үшін күні-түні күзетте болғанын айтады. 

"Талдықорғанда уақытша тергеу изоляторы, ІІД, ІІДБ ғимараттарына бірнеше мәрте шабуыл жасалды. Сол кезде полиция мен әскери қызметкерлер қорғаныста болды.  Кезінде өзім де органда істедім. Оның қандай күрделі жұмыс екенін білемін. Таныс, достарым әлі күнге дейін сол салада  істеп жатыр. Адамдарға жанымыз ашып, 6-7 қаңтарда  кәсіпкерлер бірлесіп  әскерилерге түскі және кешкі астарын дайындап, жеткізіп тұрдық", - деді Тәліпов. 

Ол әскери қызметкерлермен алдын ала келісіп, лаңкестермен шатастырмау  үшін белгілерді пайдалану арқылы тамақ жеткізіп тұрған. 

"8 қаңтарда тамақ апаратын кезек маған түсті. Әскерилерге тамағын жеткізіп кері қайтқан жолда ІІД маңында атыс басталып кетті. Оны айналып бір-екі көше жоғары айналып өтпек болдым. Жан-жағым соғыс сияқты атыс болып жатыр. Әскерилер сол кезде мені қылмыскер деп ойлап қалған болуы керек. Себебі қорқыныштан, абдырағаннан  жоғары жылдамдықпен келе жаттым. Осы кезде БТР көлігі бізді қағып тоқтатқан. Нақты қалай болғаны есімде жоқ. Біз аспаз екеуміз сол жерде есімізден танып қалдық", - деді кәсіпкер.

Дәурен Тәліпов есін жиған кезде айналасында ешкім болмаған. 

"Біздің жанымыздан өтіп бара жатқан көлік бізге көмектеспек болып тоқтады. Фарух деген жас бала екеумізді өз көлігіне салып, ауруханаға алып барды. Бірнеше күн бұрын ауруханадан үйге шықтым. Қазір жағдайым жақсарып келеді", - деді ол.

Кәсіпкер мұндай жағдай елімізде алғаш рет болғандықтан ешкім оған дайын болмағанын айтады. 

"Мұндай жағдайға ешкім дайын болмады. Барлығы абдырап қалды. Себебі бейбіт шерудің арты осындай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Әскери органдар мұндай болатынын күтпеді деп ойлаймын. Барлығы басшылықта отырған жетекшілердің бұйрығына байланысты болады ғой. Сондықтан алғашқы күндері біраз састы. Кейін жинақталып, жағдайды өз қолдарына алды. Қазір барлығы қалыпқа келді. Бірақ әскерилер әлі де тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Енді елімізде дұрыс реформалар болатынына сенімдіміз", - деді Дәурен Тәліпов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952470-tartipsizdik-kezinde-askerilerge-tegin-tamaq-taratqan-taldyqorgandyq-qalai-zaraqat-alganyn-aityp-berdi/