"Менің үйім емес, өртене берсін": Алматылық әйел дүрбелең болған күнді есіне алды
Жарияланған күні:
Алматыда 5 қаңтарда наразылықтар тәртіпсіздікке ұласқан кезде Республика алаңы аумағындағы үйдің тұрғындары сыртқа шығуға қорыққан. Сол кеште мейрамханалар қиратылып, өртенген. Артынша ғимараттың жертөлесі отқа оранып, түтіні пәтерлерге жайылған. Осындай үйлердің бірінің тұрғыны Кәмила Айтқалиева өртті қалай сөндіргендерін баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Кәмила 4 қаңтарда әлеуметтік желіден көптеген адамдардың "Алматы Арена" маңында жиналып жатқанын көрген.
"Бір жарым сағаттан кейін олардың Назарбаев – Сәтпаев маңына жақындап келе жатқанын білдім. Балконнан қараған кезде алаңға көп адам жиналыпты, арнайы күштер дыбыс шығаратын граната лақтырды. Олар наразылық білдірушілерді тез ығыстырды, түнгі үш шамасында көшеде ешкім болмады", – деп еске алады ол.
Алматылықтың сөзінше, 5 қаңтарда түстен кейін жұмыстарымен көшеге шыққан, сол уақытта орталықта тыныш болған. Кәмила құрбысымен кездесуді жоспарлаған, алайда кездесу уақытын нақтыламақ болғанда бір топ адамның қайта жиналып, сол уақытта Төле би – Назарбаев көшесі маңында келе жатқанын естиді.
"Кейіннен айғайлаған дауыстар естідім, терезеге жақындап барғанымда жиналған бір топ адамды көрдім. Бұрынғы әскери госпиталь ғимаратына жақын жерде курсанттар – жап-жас жігіттер тұрды. Олардың қолында қару да жоқ, тек каска мен қалқан болды. Наразылыққа шыққан үш адам оларға қарай жүгіріп, қалқаны мен каскасын тартып алды, ал олар Достық даңғылына қарай қашты. Қазір осында арнайы жасақ келеді деген оймен оларға балконнан "үйлеріңе қайтыңдар, бұның не керегі бар сендерге, сендерді де үйлеріңде күтіп отыр" деп айғайлай бастадым. Олардың біреуі маған қарады да, "Аузыңды жап!" деді. Бұл жерде бір нәрсе дұрыс емес екенін түсіндім", - дейді Кәмила.
Содан кейін Кәмила Алматы әкімдігі ғимаратының өртеніп жатқанын көріп, өрт сөндіру қызметіне хабарласқан.
"Адамдар бірінен соң бірі келіп жатты. Қайта-қайта қарай бермеуге, фото-видеоға түсірмеуге тырыстым. Бір өрт сөндіретін көліктің келгенін көрдім, бірақ оны тоқтатты. Кейін жаңалықтан сол көлікті қиратып тастағанын білдім", - дейді Кәмила.
Кешкі сағат жетіде төменгі қабатта тұратын қыз келіп, үйдің жертөлесі жанып жатқанын айтқан. Кәмила құжаттары мен телефонын алып сыртқа шыққан. Ол уақыттың өзінде аулада 30-ға жуық адам жиналып қалғанын байқадым, дейді. Ол көршілерінен өрт сөндірушілердің келе алмайтынын естіген. Жағдай ушыға түскен, себебі үйдің бірінші қабатында мейрамхана орналасқан, ал тұрғындар ол жерде газ баллоны бар деп уайымдаған.
Тұрғындардың жартысы шелекпен су тасыған. Арасында сол тұрғын үйдің тазалығына жауап беретін Арлан есімді азамат өз басын қатерге тіккен.
"Біздің аула сыпырушы Арлан өртті сумен емес, өрт сөндіргішпен сөндіру керек екенін айтты. Ол газға қарсы маска тақты, наразылыққа шыққан екі адам оған көмектесті. Олар кезекпен жертөлеге түсіп, өртті сөндірді. Басым бөлігін Арлан өзі сөндірді, арасында тыныстау үшін шықты да, қайтадан сөндіруге кірісті", - дейді Кәмила.
Оның сөзінше, тұрғын үйдің астыңғы қабатында алты мейрамхана бар. Олардың терезесі сынған, наразылық білдірушілер мейрамхана үстелін көшегі шығарып, жолды бөгеген.
"Мейрамхананың біріне жақындап барғанымда ол жерден қолында бір жәшік сыраны көтерген жігіт шықты. "Шелегіңді бер, өртті сөндірмеңдер" деді. Оған қарап "бұл тұрғын үй, мұнда қаншама қарт адам мен балалар тұрады" дедім. Ол мені боқтап, "бұл менің үйім емес, өртене берсін" деп жауап берді. Ашуланып, оны ұрдым. Кейіннен бәрі бұлай істеу қауіпті болғанын айтты. Бірақ сол уақытта мен жағдайға басқаша баға беріппін. Ол кезде қолындағы сыра бәрінен маңызды болды, оны жерге қойса, басқалары бірден алып кететін еді. Сондай-ақ жанымда өртті сөндіруге көмектеске үш ер адам тұрды", - дейді алматылық.
Өрт кешкі сағат 9 шамасында сөндірілді. Кәмила жиналғандар жертөлені әдейі өртеді деп санамайды.
Оның сөзінше, тәртіпсіздікке жол берген бір топ адам мейрамханаға кірген кезде бейнебақылауды өшірген, камераларды сындырған, сол кезде тоқ тұйықталып, өрт шыққан. Кейіннен өрт сөндірушілер келіп қауіпсіздік мақсатында газды өшірген – үйде бір апта газ болмаған.
Әйел сондай-ақ сол жерден курсанттар қашып кеткеннен кейін тұрғын үй маңына өрт сөндірушілер де, полиция да келмегенін айтты. Бүлікшілер камераларды сындырып, мейрамхана мен дүкендерді тонаған. Нөмірі жоқ көлікте қозғалған.
"Кейбірінде рация болды, олардың әуежайға бара жатқанын естіп қалдым. Қолдарында қару да бар еді. Олар мейрамханаларға кіріп, спирттік ішімдік алды. Оны сол жерде ішті. Осының бәрін өзім көрдім. Біздің үйдің жанында болғандардың арасында бейбіт наразылыққа шыққандардан бөлек, арам пиғылы бар адамдар болды. Ал әкімдік, президент резиденциясы, Тәуелсіздік монументі жаққа қарай бармадым, ол жақта кім болғанын білмеймін", - деп сөзін қорытындылады ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952574-menin-uiim-emes-ortene-bersin-almatylyq-aiel-bulik-bolgan-kundi-esine-aldy/