"Жылап жібердім": 9 баланы жалғыз бағып отырған жамбылдық полиция инспекторы туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Жамбыл облыстық жол полициясының аға инспекторы Диляфруз Кенжеханова тоғыз баланы жалғыз өзі бағып отыр. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Диляфруз Кенжеханова Ішкі істер органында 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал 2020 жылы Жамбыл облысы жол полициясының аға инспекторы қызметіне кірісті. Бір айта кетерлігі, Диляфруз жұмысымен қоса, 9 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана.
Оның бесеуі - өзінің туған балалары болса, төртеуін асырап алған. Батыр келіншек кәмелетке толмағандардың ісі бойынша жергілікті полиция басқармасында да жұмыс істеді.
Кішкентайының 3 жасқа енді толғанына қарамастан, ол өзінің ювеналдық полициядағы қызметін тоқтатқан жоқ. Асырап алған балаларын да осы қызмет бабымен жолықтырыпты", - деп жазады Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Тараз қалалық №55 мектепте "Мектепке қадам" акциясында мен комиссия мүшесі болдым. Осы іс-шара барасында әке-шешесіз қалған 4 бала анықталды. Олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көргенде, жүрегім қан жылады.
Ұл балалардың да үсті-басы кір, қаршадай қыз балалар ыдысты суық сумен жуып отыр. Көріп жаным ауырды. Көз жасымды тия алмай, жылап жібердім. Олардың тек атасы бар екен. Құжаттары да жоқ. Іс-шара бірнеше күнге созылды. Балаларды үйге алып кетіп, құжаттарын жасауға көмектесемін деп уәде бердім. Бұл акция біткенше, балалар менімен үйде болды.
Осы уақытта бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Олар өздерін қалдырмауымды өтінді. Жүрегім шыдамады. Балаларды өз қамқорлығыма заңды түрде аламын деп шештім. Содан бері атасы да, балалар да толық менімен тұрады",- дейді аға инспектор Диляфруз Кенжеханова.
"Құрмет" орденінің иесі атанған Диляфруз Кенжеханова туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі: "Ол кәсіби қызметін адал атқарып қана қоймай, 9 баланы жалғыз асырып отырған ана", -деп бір серпілтіп тастады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953428-zylap-ziberdim-9-balany-zalgyz-bagyp-otyrgan-zambyldyq-policiya-inspektory-turaly-ne-bilemiz/