Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Палатада жалғыз өзі жатыр": Екі жасар баланың тағдырын көрсеткен келіншек жағдайды бастан-аяқ баяндады

Жарияланған күні:

ауруханада жатқан бала
Фото: Instagram/zhaloby.almaty

Әлеуметтік желіде қыркүйек айынан бері ауруханада жалғыз жатқан екі жасар бала туралы ақпарат тарады. Бүлдіршін жайлы алғаш болып Айдана Аллажарқызы өзінің instagram парақшасында хабарлаған. Баласымен ауруханада жатқан келіншектің айтуынша, сәби ойыншығын, ішетін суын ала алмай, палатаның есігіне телмірумен күнін өткізеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айдана Аллажарқызы - үш баланың анасы, кондитер. Ол өткен аптаның бейсенбісінде баласы ауырып, Алматыдағы №2 балалар ауруханасына түскен.

Кейін ол үнемі жалғыз өзі есікке қарап тұратын басқа палатадағы сәбидің жағдайына алаңдап, балақай туралы сұрастыра бастайды. Медбикелер бұл баланы ата-анасы тастап кеткенін, 22 қыркүйектен бері ауруханадан жалғыз жатқанын мәлімдеген.

Қараусыз қалған бүлдіршін туралы алдымен әлеуметтік желіге жариялаған Айдана кейін белгілі журналист Тимур Балымбетовке сұхбат берді.

"Алғашында бұл балаға қатты мән берген жоқпын, бірақ үнемі есікке қарап, манежде тұратынын байқайтынмын. Су алғысы келіп, ойыншығына қолы жетпей тұрады. Бірде осының анасы қайда деген оймен палатаға үңілгенімде, қасында ешкім жоқтығына көзім жетті. Ол палатада жалғыз өзі жатыр. Манеждің үстінде баланың 22 қыркүйекте ауруханаға түскені жазылып тұр. Су ішкісі келсе қолы жетпейді, ойыншықтарын ала алмайды. Бұл менің жүрегіме ауыр тиді. Медбикелер баланы ата-анасы бес айдан бері іздеп келмегенін айтты", - дейді Айдана Аллажарқызы.

Айдана өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында балақайға дәрігерлердің атүсті қарайтынын айтқан.

"Ол үш-ақ мезгіл тамақ ішеді. Бұл бала ғой, оның су ішкісі, ойнағысы келеді. Меніңше, бұл балаға үш мезгіл ғана тамақ беру аз. Үнемі есікке қарап, біреу қолына алатындай күтіп тұрады. Бес айдан бері осылай телмірумен күні өтуде. Осы уақытқа дейін баланың мәселесін шешпей, жалғыз өзін палатада ұстап отырғанын түсіне алмадым. Сторизден шыға бастаған соң, баланы басқа палатаға ауыстырды. Қасында адамдар бар, менің палатама да жақын. Балақайдың қасында жатқан адамдарға оны тапсырып, суын, компотын беріп тұруды айттым. Баланы қарауға дәрігерлердің қолы тимесе, қасына адам алу керек шығар", - дейді ол.

Айдана балақайдың палатасына барып, ойнатып, тамағын беріп жүрген. Бірақ, айтуынша, осы оқиға халыққа тез таралған соң, дәрігерлер сәбидің палатасына ешкімді кіргізбеуге тырысқан.

Ал ауруханада бес ай бойы жалғыз жатқан балақай туралы видео желіге шыққан соң, аурухана басшылығы мені дереу шақыртып, әрекетімнің дұрыс еместігін айтты дейді Айдана.

"Маған ауруханада видеоға түсіруге, оны әлеуметтік желіге жариялауға болмайтынын айтты. "Сторизіңді көрсетші", - деп бастады. Кабинетте аурухананың бас дәрігері, тағы бір дәрігер мен ата-ана және заңгер отыр екен. Олар мені кіналай бастады. Бұл баланың тағдыры резонанс тудырғанын сезді. Мені қорқытып отыр демеймін, бірақ бұл әрекетім оларға ұнамағаны рас. Олар менің бұл әрекетімді хайпқа теңеп отыр. Шын мәнінде, мен хайп қуып жүрген жоқпын. Балақайдың өмірі бір арнаға түскенін қалаймын", - дейді Айдана.

Бұл оқиғаға қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді.

"Бала ауруханаға түскеннен кейін ата-анасы бір рет келіп кетті. Олар жұмыссыз, еш жерде тұрақты тіркелмеген. Құжаттарды рәсімдеп болған соң, баласын алып кететінін айтқан. Алайда қазірге дейін баланың ешқандай құжатын (туу туралы куәлік) әкелген жоқ", - дейді басқарманың баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953929-palatada-zalgyz-ozi-zatyr-eki-zasar-balanyn-tagdyryn-korsetken-kelinsek-zagdaidy-bastan-ayaq-bayandady/